«KEGOC» АҚ Жастар істері жөніндегі кеңесі қайырымдылық акциясын ұйымдастырды

Қазақ

2019 жылғы 5 маусымда, яғни Ораза айт күні «KEGOC» АҚ жас қызметкерлері «Шын жүректен» қайырымдылық акциясын өткізді. Аталмыш акция «KEGOC» АҚ «Солтүстік ЖЭТ» филиалының қызметкері Елдар Бұқаевтың баласының еміне қаржылай қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды.  

Бір айта кетерлігі, шара Рамазан айының соңын ала келетін, күллі мұсылман қауымын мейірімділікке, ізгілікке және ауызбіршілікке баулитын  Ораза айт мерекесімен тұспа-тұс келді.

Акцияға «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Б.Т. Қажиев, басқарушы директорлар Б.М. Жазықбаев, А.Т. Ботабеков, Т.Е. Сафуани, С.И. Катышев, Н.Н. Муханов, атқарушы директор Б.Д. Айтбеков, Б.Ж. Темірбеков және Аппарат басшысы Ж.М. Бексары бастаған компанияның өзге де қызметкерлері белсенді түрде қолдау көрсетті. Сонымен қатар, еншілес компания «Энергоинформ» АҚ-ның Басқарма төрағасы А.А. Ақмурзин және ұжымы бірауыздан қатысып, шараның сәтті өтуіне үлестерін қосты. 

Акция қатысушылары өздерінің ақшалай көмектерін арнайы қойылған жәшікке салды. Сондай-ақ, Жастар істері жөніндегі кеңесінің мүшелері дастарқан жайып, қайырымдылық көмекке қол ұшын созған әріптестеріне  тәтті нан, бәліш, тоқаш, бауырсақ сынды кондитерлік өнімдерін ұсынып, сый көрсетті.   

Акция нәтижесінде 350 мың теңгеге жуық қаражат жиналып, Елдар Бұқаевтың есепшотына аударылды. 

Компания басшылығы Жастар істері жөніндегі кеңесі мүшелерінің қызметіне жоғары баға беріп, бұдан былай да компанияның әлеуметтік жобаларына белсене қатысатынына сенім білдірді.