Ұлттық электр торабына қосылу тәртібі

Қазақстанның Ұлттық электр торабына қолжетімділік келесі құжаттарға сәйкес жүзеге асырылады:
  • Станциялар мен энергия жеткізуші ұйымдар үшін Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 18 желтоқсандағы № 210 бұйрығымен бекітілген «Электр желілік қағидалар» (бұдан әрі – ЭЖҚ).

  • Тұтынушылар үшін Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы № 143 бұйрығымен бекітілген «Электр энергиясын пайдалану қағидалары» (бұдан әрі – ЭЭПҚ).

ЭЖҚ-ға сәйкес:

Энергия өндіруші ұйымдардың электр желісіне қосылуға арналған техникалық шарттар келесі жағдайларда беріледі:

1) жаңа генерациялайтын қондырғыларды қосу;

2) қолданыстағы генерациялайтын қондырғылардың қуатын арттыру;

3) желі пайдаланушыларының қуатын беру схемасын өзгерту. 

Желіні пайдаланушыларды электр желісіне 5 МВт және одан жоғары мәлімделген электр қуатымен қосуға арналған техникалық шарттар жобалау қызметімен айналысуға лицензиясы бар мамандандырылған жобалау ұйымдары әзірлейтін «Электр станцияларының қуатын беру схемасы» негізінде беріледі.

Жаңа электр қондырғыларын салуға және өзгертуге (реконструкциялау, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделі жөндеу) арналған жобалау алды құжаттамасында «Электр станцияларының қуатын беру схемасы» бөлімі бар.

«Электр станцияларының қуатын беру схемасының» мазмұны осы Қағидалардың 3-қосымшасында көрсетілген.

«Электр станцияларының қуатын беру схемасы» желілеріне жалғану жоспарланған тиісті ұйыммен (энергия беруші және/немесе энергия өндiрушi), жүйелік оператормен («КЕGОС» АҚ) келісіледі.

Жаңартылатын энергия көздерін тұтынатын пайдаланушылардың «Электр станцияларының қуатын беру схемасы» Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасының талаптарын ескере отырып, әзірленеді.

«Электр станцияларының қуатын беру схемасы» келісілгеннен кейін желіні пайдаланушы желілеріне пайдаланушыны жалғау жоспарланған тиісті энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымға қолданыстағы генерациялайтын қондырғыларына немесе жаңа генерациялайтын қондырғыларына арналған өтінімдер жібереді.

Желілеріне желіні пайдаланушыны жалғау жоспарланған энергия беруші (энергия өндiрушi) ұйым мыналар көрсетілген техникалық шарттарды береді:

1) техникалық шарттар берілген жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) немесе заңды тұлғаның атауы;

2) электр қуатын беретін объектінің атауы;

3) объектінің орналасқан орны (қала, кент, көше);

4) электр станциялары қуатының келісілген мөлшері;

5) электр энергиясын өндіру сипаты (тұрақты, уақытша, мезгілдік);

6) электрмен қамтамасыз етудің сенімділік санаты;

7) электр станциялары қуатының рұқсат етілген коэффициенті;

8) жалғау схемасы («кіру-шығу» схемасы, электр жеткізу желісінен тарайтын тармақ, бөлу құрылғысының шинасына қосалқы станциялар мен электр станцияларды жалғау) көрсетілген қосылу нүктесі (қосалқы станция, электр станциясы немесе электр жеткізу желісі);

9) жалғанатын электр жеткізу желілеріне (бұдан әрі - ЭЖЖ) және қосалқы станциялардың жабдықтарына қойылатын негізгі техникалық талаптар;

10) жаңа электр станциясының пайда болуына байланысты қолданыстағы электр желілерін күшейту бойынша негізделген талаптар – сым қималарын ұлғайту, трансформаторлық қуатын ауыстыру немесе ұлғайту, бөлу құрылғының қосымша ұяшықтарын салу;

11) техникалық шарттарды беру себебі;

12) техникалық шарттардың қолданылу мерзімі;

13) ЭКЕАЖ қолдана отырып, электр энергиясының коммерциялық есепке алуын ұйымдастыру бойынша талаптар;

14) электр станцияларын релелік қорғау және автоматика, диспетчерлік басқару құралдарымен жабдықтау бойынша талаптар: байланыс каналын телеөлшеу, телебасқару және ұйымдастыру;

15) реактивті қуатты өтеу бойынша талаптар.

Техникалық шарттар қолданысының мерзімі электр станциясының жобасы мен құрылысының нормативті мерзіміне сәйкес келеді.

Құрылысы басталған объектілердің техникалық шарттары қолданысының мерзімі оның қолданысы мерзімі біткенге дейін берілген электр станциясы иесінің өтініші бойынша ұзартылады.

Техникалық шарттар желіні пайдаланушы өтінім берген күннен бастап екі күнтізбелік айдан аспайтын мерзімде беріледі.

«Электр станцияларының қуатын беру схемасын» жобалау алды, жобалық құжаттаманы әзірлеу, техникалық шарттардың іс-шараларын орындау желіні пайдаланушының қаражаты есебінен жүргізіледі.

Техникалық шарттар талаптары орындалғаннан кейін, қуатты қосу және беру схемасына сәйкес іске асырылған электр станциясының кешенді сынаулары жүргізіледі.

ЭЭПҚ-ға сәйкес:

Энергия беруші немесе энергия өндіруші ұйым қосылу үшін техникалық шарттарды мынадай жағдайларда береді:

1) энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның электр желілеріне жаңа енгізілген немесе реконструкцияланатын электр қондырғыларын қосқанда;

2) тұтынылатын электр қуаты бұрын берілген техникалық шарттарда белгіленген қуаттан артқанда; 

3) сырттан электрмен жабдықтау схемасы өзгергенде;

4) тұтынушының электр энергиясы қабылдағыштарын электрмен жабдықтау сенімділігінің санаты өзгергенде.

Тұтынушыға электр желілеріне қосылу үшін техникалық шарттар электрмен жабдықтауға қосылуға еркін нысандағы өтініш және осы Қағидалардың 3-қосымшасына сәйкес нысан бойынша электр желілеріне қосудың техникалық шарттарын беруге арналған өтінішке сауалнама парағы негізінде беріледі.

Белгіленген қуаты 5 МегаВатт және одан жоғары электр құрылғылары бар тұтынушылар сауалнама парағына жобалау қызметімен айналысуға лицензиясы бар мамандандырылған жобалау ұйымы әзірлеген тұтынушының сыртқы электрмен жабдықтау схемасын қоса береді. «Тұтынушы сырттан электрмен жабдықтау схемасының» мазмұны осы Қағидалардың 4-қосымшасында берілген. Тұтынушыны сырттан электрмен жабдықтау схемасы желілерге қосу жоспарланған энергия жеткізуші және/немесе энергия өндіруші ұйыммен келісіледі.

Салынып жатқан объектілерді электрмен жабдықтау үшін тұтынушыға құрылыс мерзіміне уақытша техникалық шарттар беріледі.

Техникалық шарттарды беру энергия жеткізуші ұйымның электр желілеріне немесе энергия өндіруші ұйымның электр қондырғыларына қосылуға техникалық мүмкіндігі болған жағдайда жүзеге асырылады.

Техникалық шарттарды беру және қайта ресімдеу үшін төлем алынбайды.

Электр қондырғылары тұтынушылардың электр желілеріне қосылатын қосалқы тұтынушылар тұтынушыға берілген техникалық шарттарды тұтынушыға техникалық шарттарды берген энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымымен келісіледі.

Энергия жеткізу немесе энергия өндіруші ұйымның техникалық шарттарды қосалқы тұтынушыларға тұтынушының келісімімен беруіне жол беріледі.

Тұтынушыны энергия жеткізуші ұйымның электр желілеріне немесе энергия өндіруші ұйымның электр қондырғыларына қосылуға берілетін техникалық шарттарда мыналар көрсетіледі:

1) техникалық шарттар берілген жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда) немесе заңды тұлғаның атауы;

2) электрмен жабдықтау объектісінің атауы;

3) объектінің орналасқан жері (қала, ауыл, көше);

4) электр тұтынуының рұқсат етілген қуаты;

5) электр энергиясын тұтыну сипаты (үнемі, уақытша, маусымды);

6) электрмен жабдықтауың сенімділік дәрежесі;

7) қуаттың рұқсат етілген коэффициенті;

8) қосылу нүктелері (қосалқы станция, электр станциясы немесе электр жеткізу желісі);

9) қосылатын электр жеткізу желілеріне (бұдан әрі – ЭЖЖ) және қосалқы станциялар жабдығына қойылатын негізгі техникалық талаптар.

10) жаңа тұтынушының пайда болуына байланысты қолданыстағы электр желісін күшейту бойынша дәлелді талаптар – сымдардың қималарын ұлғайту, трансформатордың қуатын ауыстыру немесе көбейту, тарататын құрылғылардың қосымша ұяшықтарын салу;

11) техникалық шарттарды беру себебі;

12) техникалық шарттардың қолданылу мерзімі.

Егер энергия жеткізуші (энергия өндіруші) ұйымда, сондай-ақ тұтынушыларда жеке меншік құқығында электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі (бұдан әрі – ЭКЕАЖ) орнатылған трансформаторлық қосалқы станциялары болса, онда қосымша техникалық шарттарда төмендегі талаптар көрсетіледі:

  • ЭКЕАЖ қолдана отырып, электр энергиясын коммерциялық есепке алуды ұйымдастыру;
  • релелік қорғау және автоматика, диспетчерлік басқару: телеөлшем, телебасқару мен байланыс каналдарын ұйымдастыру құралдарымен электр қондырғыларды жарақтандыру;
  • реактивті қуатты өтеу.

Техникалық шарттардың қолданылу мерзімі электр қондырғысын жобалау және салудың нормативтік мерзіміне сәйкес келеді.

Құрылысы басталған объектілердің техникалық шарттарының жарамдылық мерзімі тұтынушының қолдану мерзімі өтпес бұрын берген өтініші бойынша ұзартылады.

Мәлімделген қуаты 5 МВт-тан жоғары электр желісін пайдаланушыларды энергия жеткізуші (энергия өндіруші) ұйымның электр желісіне қосуға арналған техникалық шарттар Жүйелік оператормен келісіледі. Мәлімделген қуаты 1-5 МВт электр желісін пайдаланушыларды энергия жеткізуші (энергия өндіруші) ұйымның электр желісіне қосуға арналған техникалық шарттардың көшірмелері бір ай ішінде жүйелік операторға мәлімет үшін жіберіледі.

Мәлімделген қуаты 5 МВт-тан жоғары электр желісінің пайдаланушыларын энергия жеткізуші (энергия өндіруші) ұйымның электр желісіне қосуға арналған техникалық шарттар Жүйелік оператормен келісілмеген жағдайда, электр желісінің тиісті пайдаланушылары энергия жеткізуші (энергия өндіруші) ұйымның электр желілеріне қосылмайды.

Цифрлық майнерлерді қосу

Электр энергетикасы туралы заңның талаптарына сәйкес:

13-баптың 14-тармағы. Цифрлық майнерлер үшін электр желілеріне қосылуға арналған техникалық шарттарды энергия беруші ұйымдар Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасына сәйкес рұқсат етілген қуаттылығы кемінде бір мегаватт болатын, кернеуі 35 киловольт және одан жоғары трансформаторлық кіші станциялардан ғана береді.

ЭЭПҚ-ға сәйкес:

10-тармақ. Энергия жеткізуші немесе энергия өндіруші ұйымдар цифрлық майнинг саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғаларға электр желісіне қол жеткізу үшін техникалық шарттарды берген кезде Жүйелік операторды осындай техникалық шарттарды беру туралы берілген күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күн ішінде хабардар етеді.

2024 жылғы 30 қыркүйектегі жай-күй бойынша «KEGOC» АҚ желілерінің өткізгіштік қабілеттерінің, бос және қолжетімді қуаттың, сыйымдылықтардың, орындардың болуы, резер туралы ақпарат:

Ақмола ЖЭТ
Ақтөбе ЖЭТ
Алматы ЖЭТ
Шығыс ЖЭТ
Батыс ЖЭТ
Сарыбай ЖЭТ
Солтүстік ЖЭТ
Орталық ЖЭТ
Оңтүстік ЖЭТ

Жедел желі

Кері байланыс