Бітпейтін майданның жауынгері/ «Егемен Қазақстан» газеті, 05.05.2017ж.

Қазақ

Тарих көші алға жылжыған сайын өткен ұрпақтың өнегелі тағдырына терең үңіліп, зерделеп, ол туралы жаңаша ой түйіп, құрмет көрсету, келер ұрпаққа үлгі ету көргенді елге тән қасиет. Әсіресе, патриоттық рух пен отансүйгіштік қасиетті өскелең ұрпақтың бойына сіңіруде қилы кезеңдерде Отан алдындағы парызын абыроймен атқарған азаматтардың өнегелі өмірін үлгі ете білудің тәрбиелік маңызы зор. Осы орайда 7 мамыр – Отан қорғаушы күні қарсаңында Ауған соғысының ардагері, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері бүгінде KEGOC компаниясының өндірістік активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры, еліміздің құрметті энергетигі Бақытхан ЖАЗЫҚБАЕВ жайлы үзік сырды ортаға салуды жөн көрдік.

Олар мектеп қабырғасынан жаңадан шыққан 18-20 жастағы өрімдей жастар еді. Жоғары оқу орнына түсіп, маман атансақ, елімізге қызмет етсек деп армандайтын. Алайда, 1979-1989 жылдары аралығында қазақ жерінен Ауғанстанға соғысқа аттанған 22 мыңға жуық азаматтың көбінің асыл арманын соғыс күл-талқан етті. Уыздай жастар қолдарына қа­лам алып, білім іздеудің орны­на мылтық алып, майданға ат­тан­­ды. Солардың қатарында Ба­қытхан Жазықбаев та Ресей, Украина, Беларусь елдерінің жас­та­рынан жасақталған 345 гвар­дия­лық әуе десанты әскери бө­лі­міне келіп түсті. Оның кешегі қам­сыз бозбала өмірі жан алып, жан беріскен майданға ұласты. Өмір мен өлім бетпе-бет келген осы соғыста ол жүздеген майдандас достарынан айырылды.
Он жылға созылған ауған со­ғысында Кеңес Одағы бойынша  14 мыңнан астам адам қаза тапты, ал Қазақстаннан ат­тан­­ған 22 мың боздақтың мыңға жуығы оралмады, 21 адам хабарсыз кетті, мыңға жуығы соғыста ал­ған жарақаттарының әсерінен дү­ниеден өтті. Ата-ана үшін өрім­дей баласының темір табытпен оралғанын көруден өткен қа­сірет бар ма? Қайғысы мен қуа­нышы ортақ майдандас достарынан айырылған сол күндерді еске алса, Бақытхан осы күнге дейін жүрегі қан жылайды.
Алайда, тура сол кезеңде Бақытхан да, оның майдандас құр­дастары да оған баға бере­тін сарапшы да саясатшы да емес еді, олар тек бұйрыққа бағын­а­тын жауынгерлер болатын. Бұл со­ғы­стың мән-маңызы жайлы Ел­ба­сымыз Н. Назарбаев­тың «Ау­ған соғысында қыруар қар­жы шығындадық, мыңдаған өмір қиылды, бәрібір кеңес әс­ке­­­ріне бұл елді тастап шығуға ту­­­ра келді. Халық үшін бұдан ас­­­қан қасірет бар ма?» – деген сө­зі тарихтың айтылмаған ақ­таң­­­дағының көмескі тұстарын ай­қындай түседі.
Соғыс өнерінен хабарсыз боз­бала сұрапыл күндерді бас­тан кеше жүріп шыңдалды, ерте есей­ді. Ауыртпалыққа толы күн­дер оны ұстамдылыққа, адами қа­сиеттерді жоғары қоюға, «бірі бә­рі үшін, бәрі бірі үшін» дейтін ын­тымақшылдыққа үйретті. Ұмы­тыл­мас қасіретті ізін қалдырған со­ғыс бітіп, еңбекке араласқан соң да осы қасиеттер, сол мінез оған бұлжымас бағдарындай бол­ды. 
Соғыстан аман оралып, тәу­ел­сіз елдің болашағы үшін ел өмі­рінің сан саласында жан аямай еңбек етіп жатқан 10 мыңға жу­ық ардагердің қатарында Ба­қытхан Жазықбаев та бар. Ол бү­гінде KEGOC компаниясының өн­дірістік активтерді басқару жө­нін­дегі Басқарушы директоры, елі­міздің құрметті энергетигі. Ол осы биігіне күлкісіз күндер мен ұй­қысыз түндерге толы еңбегінің ар­қасында жетті.
Тағдыр алдымен 18-20 жас­та­ғы жалындап тұрған жігітке алапат майданды өз көзімен көруге жаз­са, елге оралып шар болаттай шыңдалған шағында энергети­ка саласымен біте қайнасып, атал­­мыш саланың қыр-сырын мең­­ге­руге жол ашты. Сөйтіп, бал­а ке­зінен алған бетінен таймай­тын табанды Бақытхан өн­ді­ріс­ті төменгі сатыдан бастап мең­гер­ді, май­талман маман атанды, іс­тің қыр-сырын білетін білімді бас­­қа­рушы деңгейіне көтерілген бі­­лікті энергетикке айналды. 
Оның әуелгі мамандығы – эко­­номист. Алматыдағы х­а­лық шаруашылығы институ­тын тәмамдады. KEGOC ком­паниясына аудит бөлімінің бас­шысы болып орналасқан ол бір жылға жуық тәжірибе жи­нақ­таған соң «Солтүстік жүй­е­ара­лық электр торабы» филиалы директорының экономикалық мә­селелері ж­ө­нін­дегі орынбаса­ры міндетін атқарады. Кейін «Ақтөбе жүйеаралық электр то­ра­бының» директоры болды. Осы уа­қыт аралығында еліміздің энергетика саласында ең ауқымды бірінші жаңғырту кезеңі іске асырылды. Бұл 2002-2014 жылдар аралығы болатын. Осының аясында қосалқы стансаларды, диспечерлік және бақылау жүйелерін жаңғырту арқылы жабдықтаудың сенімділігі мен сапасы жақсартылды, электр энер­гиясының көтерме сауда на­рығының тұрақты жұмыс іс­теуі үшін мүмкіндіктер туғызу ар­қылы бәсекелестікті арттырды және пайдалану шығындары азай­тылды. Ең бастысы, KEGOC АҚ көрсететін қызметтер көлемі ке­­ңейтілді. Былай алып қа­ра­ған­да, қыруар шаруа атқа­рыл­­ды. Ос­ы­­лайша, Бақытхан Жа­зық­ба­-
е­в­­тың өмірі энергетика саласымен біте қайнасып кетті.
Жалпы, энергетикаға оған шындап берілген, бұл саланы бүге-шігесіне дейін жетік мең­герген адам ғана келеді. Се­бебі, Қазақстан бойынша же­лі­­лердің бойынан электр қуа­ты­ның үздіксіз айналып тұруы – адам­ның тірлігіне нәр беретін ағ­засындағы қан айналымен па­ра-пар. Әр шаңырақта жана­тын жарықтан бастап, алып кә­сіпорындар мен өндіріс ошақ­та­рына жарық жеткізуді алсақ, мұ­ның барлығының артында мың­даған адамдардың, жүздеген энер­гетиктердің еңбегі тұр. Бұл орай­да, ел экономикасының даму­ы­-
на елеулі үлес қосып отырған KEGOC компаниясындағы орасан жұ­­мыс­тың белгілі бір бөлігін біз­дің кей­іпкеріміз атқарып отыр­ға­нын ай­та кеткен жөн.
Бақытхан Медеғалиұлының ай­ту­ынша, еліміздегі энергетика саласының басты операторы саналатын KEGOC ұлттық ком­п­аниясына Қазақстанның ең мық­­ты деген, сайдың тасындай ірік­­телген энергетиктері жи­нақ­тал­ған.
KEGOC компаниясы элек­тр
қуатын өндіру-тұты­ну­­ды дис­­печерлендіру мен тең­ге­рім­деу­­ді, сондай-ақ, көрші Ресей, Өз­бекстан, Қырғызстан секілді елдердің энергия жүйелерімен параллель жұмысты қамтамасыз ет­еді. Былайша айтқанда, жылына 365 күн және тәулігіне 24 сағат бойы тұтас мемлекет ау­ма­ғындағы энергия ағындарын бас­қарады. Бұл мақсатта компания ұзындығы шамамен 25 мың ша­қырымға созылған жоғары вольтті электр жеткізу желілері мен 78 қосалқы стансадан тұра­тын Ұлттық электр торабын бас­қа­рып, желілік персоналдар қыс-жаз демей техникалық қызмет көр­сету мен жөндеу жұмыстарын жүр­гізеді. KEGOC-тың міндеті – желінің үздіксіз жұмыс істеп т­ұ­руын қамтамасыз ету және оның мем­лекет мүддесі үшін озық дең­гей­де дамуына ықпал ету.
Бақытхан Медеғалиұлы өз жұмысына бүкіл болмысымен бе­рілген. Ол қай кезде болсын өзі­не сеніп тапсырылған үлкен жауапкершілікті терең сезініп, ісіне адал болудан танған емес. Ол бұл саладағы командирлердің бірі болса да еңбекте қатардағы жау­ынгердей сергек екені бай­қа­­лады. 
Оның үстіне биыл KEGOC үшін мерейлі жыл. 20 жыл деген аз уақыт емес. Осы уақыт ара­лы­ғында KEGOC нарықтағы өз ор­нын алды. 
KEGOC көптеген инвес­ти­циялық бағдарламаларды іс­ке асы­­­руда мықты тәжірибе жинақ­та­­ған компания. Мәселен, қазіргі кез­де жүзеге асырып жатқан «Сол­­­­түстік – Шығыс – Оңтүстік» жо­­­­­басының бірінші кезеңі 500 кВ «Екібастұз – Шүлбі ГЭС (Семей) – Өскемен» жоғары во­ль­ттық желілерін (ӘЖ) салды. Оны мерзімінен бұрын аяқ­тап, энергетиктердің атынан ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық ме­­рей­­тойына жасаған сыйы ре­тін­­де компания басшысы Ба­қыт­жан Қажиев Елбасына арна­йы баян­­дап, іске қосқан болатын. Ен­­дігі меже – аталмыш жо­­ба­­ның екінші кезеңі – 500 кВ «Шүл­бі ГЭС (Семей) – Ақтоғай – Тал­дықорған – Алма» ӘЖ са­лу­ды аяқтау. Болжамды мер­зімі – 2018 жыл. Ауқымды іс­тер атқарылуда. Бүгінгі таңда KEGOC-тың балансындағы қос­ал­­­қы стансалардың шамамен 80 пай­­ызы жаңартылған. 
Бұл деректерді біз Бақытхан Жа­зықбаевпен әңгіме-дүкен ба­­ры­сында естіп білдік. Бай­қа­ға­ным, ол өз ісін бүге-ші­ге­сі­не дей­ін жетік біледі. Қа­ғазға үңіл­мес­­тен деректерді сап­та тұр­ған сол­­даттай сақыл­да­тып отыр. Он­ың жинақы келбеті мен мық­пен ше­геленгендей әр сө­зіне қа­рап, май­дан шебінде жүр­ген жау­ын­герді көргендей бол­дым. Тек бұл жолы ол соғыс өтін­­де емес, Мә­ң­гілік Ел – Тәу­ел­­сіз Қазақ­стан­­­ның экономика­сын көтеріп, дәу­­летін арттыру­шы сардарлар қа­­тарында. Ол – еңбек атты біт­пей­­тін май­данның жау­ынгері.

Мөлдір Дүйсекина

https://egemen.kz/article/bitpeytin-maydannynh-zhauyngeri