Егемен Қазақстан (Астана), № 211 (28434), 29.10.2014, «Жас Энергоның» жасампаздығы

Қазақ

29.10.2014

Егемен Қазақстан (Астана), № 211 (28434), 29.10.2014, «Жас Энергоның» жасампаздығы

Жастарды еңбекпен тәрбиелеу, оларды өндірісте бекітіп қалдыру, кәсіби деңгейін көтеру мен қызметін өсіру үшін жағдайлар жасау проблемалары әлі де өте өзекті болып тұр.

Жастарға әрдайым алға ұмтылу, жасампаздық пен шығармашылық, жаңа мен озықты іздеу тән. Оның әлеуметтік ахуалы мен зияткерлік даму деңгейі мемлекеттің жай-күйі мен болашағын айқындаудың басты факторларының бірі болып табылады.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында бізді Алматы ЖЭТ (жүйеаралық электр тораптары) филиалындағы «Жас Энерго» жастар қанаты мүшелерінің жиналысына шақырды. Осында тың бастаманың туындағаны туралы жылдың басынан бері естіп едім.

Осы сәтте ойыма 40-50 жыл бұрын ауылдық елді мекендерді тұрақты электр энергиясымен қамту өткір проблема болғандығы түсті. Жарық беру үшін трактор моторы пайдаланылатын. Моторист болып әдетте сырттан келген механизаторлар істейтін. Сол кезде жергілікті кадрлар осы жұмысты атқаруға қабілетсіз деген ұғым қалыптасқан болатын. Кешке жақын белгіленген уақытта жарықты өшіретінін ескертіп жыпылықтата бастайтын. Естері шыққан жұртшылық электр стансасына, әсіресе үйлерінде қонақтар отырғанда шөлмегін ала жүгіретін. Жалпы, энергетика жүйесінде басшы лауазымдарда қазақ жігіттері аз болатын. Осы естелік мені форумға қатысып, Алматы ЖЭТ филиалы жастарының жаңа бастамасы туралы жақынырақ білуге итермеледі.

Қазіргі заманда тіршілікті байланыссыз және энергетикасыз елестету мүмкін емес. Дәл осы энергиямен әлемдік ауқымда жабдықтау проблемасының өзектілігі Астанада өтетін дүниежүзілік ЭКСПО-2017 көрмесінің тақырыбынан туындап отыр.

«Жас Энерго» жастар қанаты – жастар саясатын іске асыру мен бастамаларды қолдауға қатысатын еңбеккерлердің ерікті бірлестігі. Филиал директорының бұйрығымен бекітілген ережесі бар. Төрағасы болып филиал директоры сайланған. Оның бір жыл мерзімге сайланатын жұртшылықпен жұмыс, өндіріс және жалпы мәселелер жөніндегі үш орынбасары бар. Олар директор өткізетін барлық аппараттық және өндірістік мәжілістерге қатысып отырады. Ережемен олардың құқықтары, міндеттері, мүшелікке өту мен одан айрылу тәртібі бекітілген. Қозғалыс мүшелігіне 32 жасқа жетпеген, мақсаттарды, міндеттерді бөлісетін және қолдайтын әрі оларды іске асыруға белсене қатысатын филиал еңбеккерлері өте алады.

Негізгі мақсаттары мен міндеттері мыналар:

— филиалдың бағдарламалық мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға қатысу;

— жастарды тарту, оларды бейімдеу мен бекіту жүйесін дамыту;

— жастарды корпоративтік міндеттерді шешуге тарту және кәсіби құзыретті дамыту;

— жастар арасында саламатты өмір салты мен спорт құндылықтарын ендіру;

— компанияның жастар саясатын іске асыруына ықпал жасау;

— жастар саясатын жасауға, оның білімдік, зияткерлік және кәсіби деңгейін арттыруға ықпал ету;

— жастардың маңызды бастамаларын қолдау мен іске асыру;

— оң қоғамдық жастар бастамасын іздеу, қолдау және ынталандыру.

«Жас Энерго» мүшелеріне жүктелген міндеттердің өрісі кең, оларға үлкен уәкілеттіктер берілген. Маған жас кезімде комсомол өткізетін көптеген қозғалыстар мен бастамаларға қатысуға тура келді. Ал бұл қозғалыс ірі өндірістік ұжымдағы барлық құрылымдық бөлімшелердің жас еңбеккерлерін кең ауқымды мәселелерге тартумен ерекшеленеді.

Жиналысты жас қанат мүшелерінің өздері даярлап, жүргізді. Әсіресе беделді кәсіпті игерген қазақ қыздарының жалынын, белсенділігі мен кәсібилігін көргеніміз сондай жағымды болды. Форум барысында олар сауалнама, тренинг, іскерлік ойындар өткізді және «KEGOC» АҚ-тың «Халықтық IPO» бағдарламасы бойынша түсіндірме жүргізді.

Филиал директоры Қ.Уражанов қысқаша кіріспе сөзінде «ұжымда тұтастай энергетика жүйесіндегі секілді соңғы жылдары сауатты да жоғары кәсіби кадрлар жетіспеушілігі байқалып еді, ал осы жастар қозғалысы маңызды проблеманы шешуде үлкен демеу болып табылады», деді. Ол солардың бастамаларын іске асыруға толайым дербестік берген. Бірде-бір құнды ұсыныс далада қалмайтын болады.

«KEGOC» АҚ Адами ресурстарды басқару жөніндегі департаментінің директоры Х.Айменов бастамаға жоғары баға берді және оны басқа филиалдардың жастары қолдап кететініне сенім білдірді. Талантты жас кадрларды тәрбиелеу, ынталандыру және тұрақтандыру мәселелеріне баса назар аударды. Ол «KEGOC» АҚ басқармасының төрағасы Б.Қажиевтің бұл қозғалысты мақұлдағанын, Қазақстандағы электроэнергетикалық сектор компаниялары арасындағы қанатқақты жоба деп атағанын жеткізді және оның құттықтауын тапсырды.

Жастарды корпоративтік міндеттерді шешуге белсене қатысуға және кәсіби құзыреттерін дамытуға, саламатты өмір салтын ұстануға тарту, сөз жоқ, компания қызметкерлері арасында адалдықты арттыруға және энергетика саласы еңбеккерлерінің жоғары мәртебесін нығайтуға қосымша мүмкіндік береді.

Жас қанат мүшелерінің айтқан сөздері туған ұжымының болашағына қамқорлық жолына арналды. Мәселен, қозғалыстың өндіріс жөніндегі орынбасары Павел Бородин өмірдің өзі қайдағы бір айлалы әрекеттер кезегі деп бастап, әрқашан тиімді жағдайда қалу үшін оларды зерделеу, артынан қузап отыру керек, деді.

Ол Алматы ЖЭТ-ке 2010 жылы метрология қызметіндегі инженер лауазымына жұмысқа келгенде дәл осылай істеген. Күн сайын аға әріптестердің тәжірибесіне үңілген, өндірістік мәселелермен, әсіресе жаңа есепке алу аспаптары мен жабдықтарын орнатумен және баптаумен шұғылданған. Тәжірибе жинаған, өз пікірін ашық айтқан, сөйтіп көзге ілінген. Белсенділігі мен кәсібилігі үшін 2-ші санатты инженер лауазымына көтерілген. Қазіргі тұста күрделі құрылыс бөлімінің жетекші инженері лауазымын иеленді. Мұны ол жеткен шегім деп санамайды.

Биыл компанияның материалдық құралдарын – ӨА АБЖ (өндірістік активтердің автоматты басқару жүйесі) есептен шығаруды жоспарлаудың қанатқақты жобасы іске қосылды. Осы бағдарламаны игеруге қаражат бөлінді, әзірлеушілерден оқытушылар шақырылды, бірақ та тиісті нәтижелер болмады. Қиындықпен ұшырасты. Бюджет пен инвестициялық бағдарлама кейбір қызметкерлердің біліксіздігі салдарынан кешігіп қорғалды. Бұл жерде де «Жас Энерго» мүшелері көмекке келді, олар сескенбей жауапкершілікті өз мойындарына алып, деректерді ӨА АБЖ-ға енгізу үдерісін тездетті.

Сонымен қатар, ол жас, тәжірибесі мен кәсібилігі жеткіліксіз еңбеккерлердің «қоңыраумен» және «көкелерінің» көмегімен әжептәуір лауазымдар иеленетін көптеген жәйттер кездесетінін қынжыла атап өтті. Олардың жаман үлгісі болашағынан үміт күттірер дарынды да қабілетті мамандарды салы суға кетіретіні рас.

Жастардың басты проблемалары әлі де жұмыссыздықтың жоғары деңгейі, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері, оқыту мен бос уақытын ұйымдастыру болып тұр. Жастарды уәждемелеу мен көтермелеу мақсатында «Жас Энерго» жастар қанатының 10 белсенді мүшесінің санаттары мен лауазымдық қызметақылары арттырылды. Орталық АЭТ-тен жас ұтымгер Оспанбек Қайсар өз әріптестерімен бірге үш фазалы электр қозғалтқыштарын қорғау үшін фаза­ларды бақылау релесінің схемасын ендірді. Қозғалыс мүшесі Равиль Иминов «Самұрық-Қазына» тобына кіретін компаниялар еңбеккерлері арасында бірінші орын алған «KEGOC» АҚ құрама футбол командасының мүшесі болып табылады. Жандос жастарды компанияның қоғамдық өміріне белсенді атсалысуға шақырды.

Жас қанаттың өндіріс жөніндегі топ мүшесі Әсел Мұстафинаның сөзі әсерлі шықты. Ол сөзін былай деп бастады: «Бірінші болу үшін қуып жетудің керегі жоқ. Өз бағытыңда тез жүгіру қажет. Біз әлемге өзіндік көзқарасы бар сандық технологиялар буынымыз». Ол немқұрайлы емес, келешегі бар жастарды анықтау, үздік, зияткер жас маманға тестілеу, конкурстар жүргізу керек деп санайды.

Жиналыста айтылған әңгімені қорыта келе, «Жас Энерго» қозғалысы ерекше, заманның бүгінгі талабына сай бастама деп ой түйдім. Қазақстан экономикасының жаңа өрлеу кезеңінде туған осы қозғалыс өте маңызды және құптарлықтай. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Мен сіздерге – жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер Жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер» деген үндеуіне қосып жатқан нақты үлесі ретінде түсіндім.

Тәжірибесі аз жас мамандарды өндірістің барлық саласындағы жұмыс процесімен танысуға, өзіндік сараптама жасауға, еңбек ұйымдастыру тәсілдерін үйренуге көптеген басшылар мұндай жағдайда бара бермейді. Жастарды осындай мемлекеттік көзқарастағы қамқорлықпен, жүйелі және мақсатты түрде қолдауды кездестірген емес едім. Бұл жиналыстан көп әсер алып қайттым.

«Жас Энерго» ұйымының алғашқы қадамдары қуантады. Алдағы уақытта атқаратын жұмыстарының бағдарламасы да белгілі. Кәсіби тәжірибелері әлі аздау қыздар мен жігіттердің жүрегінен берік орын алған осы игі бастама электрэнергетикасы саласының компанияларында кеңінен нәсихаттауға лайықты деп тұжырымдадық. Энергетика саласының қыр-сырын толық игеруге талпынған жастардың құлшынысы құптарлықтай.

Мұхамбетқасым Шәкенов, «Энерготехкәсіподақ» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары 



..