Қазақстан энергетиктерінің Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тартуы, «Айқын», 28.07.2016

Қазақ

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында отандық энергетиктер қауымы «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» транзиті бойынша 500 кВ жоғары вольтты желісі құрылысының бірінші кезеңін қолданысқа тапсыруға дайын.

Небәрі екі жылдың аясында «Екібастұз – Шүлбі ГЭС (Семей) – Өскемен» телімін жаңа электр қуаты желімен қосу мүмкін болып, 500 кВ «Семей» қосалқы стансасы салынды. Бұл дегеніңіз, бір жыл бұрын аяқталған қыруар жұмыстар легі. Қазан айында энергетик мамандар 500 кВ «Семей» қосалқы стансасын тестілік тәртіпте байқап көрмек. Ал егемендіктің ширек ғасырлық тойында аталған нысан пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев пен «КЕGOC» АҚ басқарма төрағасы Бақытжан Қажиевтің Семейге жұмыс сапары барысында мәлім болды.

«Самұрық-Қазына» басшысы атап өткендей, тиісті Ұлттық әл-ау­қат қоры «Нұрлы жол» мем­ле­кет­тік бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді атсалысуда. Оның ішінде электр қуатын жет­кізудің жоғары вольтты желісіне байланысты жоба да бар. 
– Бұл өте маңызды іс. Себебі энер­гия қуаты мол Екібастұз айма­ғы шығыс өңір арқылы елдің оң­түстігіне жалғанады. Өздеріңіз аң­­ғарғандай, қарамағымыздағы «KEGOC» компаниясы бар-жоғы екі жылдың ауқымында транзиттік құрылыстың алғашқы кезеңін  мерзімінен бір жылға ерте аяқтап үлгерді. Сондықтан энер­ге­тиктерге қарқынды еңбектері үшін алғы­сымды жеткізгім келеді, – деді Ө.Шөкеев.
Баршаға белгілі, «KEGOC» АҚ Қа­зақстанның энергетика са­ла­сындағы ең ауқымды жобалардың бірі саналатын «Екібастұз – Шүлбі ГЭС (Семей) – Өскемен» 500 кВ жо­ғары вольтты желісінің бас­тап­қы кезегін 2017 жылы бітіруі қажет болатын. 
«КЕGOC» АҚ басқарма төра­ға­сы Бақытжан Қажиевтің сөзіне қа­рағанда, барлық құрылыс-мон­таждау іс-қимылдары қазан айына та­ман тәмамдалады. Құрал-жаб­дық­ты кешенді тұрғыда сынау әре­­кеттерінен кейін, «Екібастұз – Шүлбі ГЭС (Семей) – Өскемен» телі­міндегі 500 кВ жоғары вольтты желісін 2016 жылдың желтоқсан айында қол­данысқа енгізу жос­пар­лануда. 
– Бұл қадам қазақстандық энер­­гетиктердің Қазақстан Рес­пуб­ликасы Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына үлкен сыйы болатыны анық, – деп сенім білдірді «KEGOC» жетекшісі ойын әрі қа­рай өрбітіп. – Осыдан екі жыл бұ­рын ғана, 2014 жылдың маусы­мын­да, қазір жоғары вольтты баға­налар самсап тұрған жерде иен да­ла болатын. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болса, теле­көпір кезінде қажетті қосалқы стансаның құрылысына бастау берді. Ендігі сәтте бағындырылған белес сол, бірнеше айдан кейін, кес­теден тұтас бір жылға озған күй­де, жоғары вольтты желі телімін іс­ке қосуға сақадай саймыз. 
– «Самұрық Қазына» АҚ бас­қар­ма төрағасы Өмірзақ Шөкеев ерекше назар аударғандай, жобаны тиянақты тындыруға қолданылған материалдар мен құрылыс-мон­таж­дау жұмыстарында қазақстан­дық қамтудың неғұрлым көп болуы­на қатты көңіл бөлген. Со­ны­мен қатар ауқымды жобаға құ­лаш сілтеген 10 қазақстандық мер­дігер ұйым, 1800-ден астам қа­зақстандықты жұмыспен қамтуда. 
«Сәтті жол» ЖШС бас мерді­гер­лік ұйымының директоры Се­кен Ибраевтың әңгімелеуінше, 500 кВ «Семей» қосалқы стансасы құрылысының әртүрлі сатысын­дағы құрылыс алаңында 40-тан 100-ге дейін жұмысшылар мен ма­мандар тер төккен. 
Осымен бірге, жоғары вольтты желі құрылысында, әсіресе, 500 кВ «Семей» қосалқы стансасын тұр­ғызуда, қазіргі заманғы жоғары технологиялы құрал-жабдықтар кәдеге жаратылған. 
Бақытжан Қажиевтің айтуын­ша «Екібастұз – Шүлбі ГЭС (Се­мей) – Өскемен» 500 кВ жоғары во­льтты желісінің қолданысқа бе­ріл­геннен кейін, «Солтүстік-Шығыс» бағытындағы желілердің өткізу қабілетін арттырады. Сон­дай-ақ Шығыс Қазақстан облы­сын­дағы электр энергиясы тапшы­лығын өңірдегі Ресейдің біртұтас электр желілері арқылы өтетін энер­гия жүйесімен қосатын қол­даныстағы желілердің жай-күйіне қарамастан, жабуды қамтамасыз етеді. Бұл, өз кезегінде, еліміздің энер­гетикалық қауіпсіздігін ны­ғай­тудың айқын сипаты. Бола­шақта, жаңа транзит Ертіс ГЭС каскадын толық қуат беруді де қам­тамасыз етпек. 
Тағы бір атап өтерлік жайт, «Со­лтүстік-Шығыс-Оңтүстік» тран­зиті құрылысының бірінші кезеңін аяқтамай жатып-ақ, құрылысшылар мен энергетиктер екінші кезеңді жүзеге асыруға бі­лек сыбана кірісіп кеткен. Мұның ая­сында, Ақтоғай мен Тал­дықор­ғанда тағы екі ірі қосалқы станса сала отырып, Шүлбі ГЭС-тен (Се­мей) «Алма» қосалқы стансасына дейін 500 кВ жоғары вольтты же­лісінің бой көтеруі болжануда. Тран­зит құрылысы жобасы толы­ғымен 2018 жылы шырқау шегіне жетпек. 
– Сырттай қарағанда, құры­лыс­тың екі жылда аяқталуы таң­ғал­дырады. Алайда әр жұмыс телімін бөлек алып қарар болсақ, құрылысшылар мен энерге­тик­тердің зор күш-қуат жұмсағанын, аянбай еңбек еткенін көреміз, – деп байыптайды Бақытжан Қа­жиев. – Өздеріңіз ойша таразы­лар болсаңыздар, биіктігі 27 метр бір ғана бағананы тұрғызу үшін мыз­ғымас іргетасты бірнеше қабат етіп құйып, металл құрылымды жинау керек және де сымды тартып, ас­ты­на арматураны орнату қажет. Осындай шаш-етек шаруа тізіп таусылмайды. Ал мұндай бағаналар саны мыңға жуықтады. «Семей» қосақы стансасының еңбек көрігі қайнаған құрылыс алаңында, тіпті орнатып, тестілеуге тиісті жо­ғары технологиялы құрал-жабдық толып тұрды.
Бақытжан Қажиев екінші ке­зең құрылысының аяқталуы, Қа­зақстанның Солтүстік-Оңтүстік ба­ғытындағы Ұлттық энергетика жүйесінің транзиттік әлеуетін жақсартуға жол ашатынын да нұсқады. Қазірдің өзінде, электр энер­гиясына орасан көлемде мұқ­таждық танытудағы Оңтүстік Қа­зақстан облысының ірі кәсіпо­рын­дары, осы желі бойынша электр энер­гиясын сатып алуға зор қы­зығу­шылық білдіруде екен. Жо­ғары вольтты желілердің іске қо­сылуы, темір жол телімдерінің электр­лендірілген желілерін, тау-кен өнеркәсібінің энергия қуатын қа­жет ететін нысандарын бұдан әрі де дамытуға, шекара маңы аумақ­тары мен жаңартылатын энергия көздерін өркендетуге қосымша тың серпін сыйламақ. Соңғысы, Қазақстанда қолға алынған «жасыл экономикаға» көшу тұжырым­да­ма­сында аса өзекті екені даусыз. 

Куат УСКЕМБАЕВ, 
Семей

http://aikyn.kz/ru/articles/show/26849-_aza_stan_energetikter_n_t_uels_zd_kt_25_zhyldy_yna_tartuy