Kegoc-тың жаңа белестері

Қазақ

Электр желілерін басқаруда басты оператор саналатын KEGOC компаниясының Шымкент қаласындағы филиалында Президенттің «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекелестікке қабілеттілік» атты Жолдауын талқылау жиыны өтті.

Мәжілісті ашып, жүргізген «ОЖЭТ» филиалының директоры С.Гольдштейн сөз кезегін «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Бақытжан Қажиевке ұсынды.

Кездесу барысында компания басшысы компанияның ҰЭТ-ты дамыту және Қазақстан БЭЖ-інің сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттердің тиімді орындалып жатқанына тоқталды. Бақытжан Төлеуқажыұлы ірі ин­вес­ти­циялық жобалар іске асыры­лып, қызмет тиімділігін арттыру бо­йынша айтарлықтай жұмыс жүргі­зіл­генін, персоналдарды дамытуға жә­не ұжымның әлеуметтік мәсе­ле­­лерін шешуге үлкен көңіл бөліне­тіндігін атап өтті.

Мәселен, 2016 жылы «500кВ Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік тран­зи­тін салу» ауқымды жобасының бірін­ші кезегі – жоғары вольтты 500 кВ Екі­бастұз-Шүлбі ЕЭС (Семей) – Өс­кемен желілері жоспарланған мер­зі­мі­нен бір жыл бұрын пайда­лануға берілген.

Өткен жылғы қаржылық нәти­же­лер акциялары аса өтімді және ин­вес­торлар тарапынан қызығушы­лық бар «KEGOC» АҚ акционер­лерінің үмітін ақтады. Бүгінгі күні «KEGOC» акциялары KАSЕ-де бір акция үшін 1300 теңге баға шегі­нен асып түсті, бұл орналастыру ба­ғасынан 150 пайыздан артық.

Әлеуметтік-еңбек қарым-қа­ты­настарын дамыту шеңберінде KEGOC-та қолайлы және қауіпсіз еңбек жағдайлары жасалады. Ұжым­дық шартпен реттелетін әлеуметтік бағдарламалар іске асырылады. Өткен жылғы қыркүйекте кәсіподақ конференциясында «KEGOC» АҚ пен оның еңбек ұжымы арасында еңбек заңнамасындағы өзгерістер мен қызметкерлердің мүдделерін ескере отырып жасалған 2016-2020 жылдарға арналған жаңа ұжымдық шарт бекітілді.

Компанияның 82 пайызды құ­райтын өзгермейтін жоға­ры әлеу­­мет­тік тұрақтылық рейтингі, соны­­мен қатар, ӘБҚ персона­лының қа­тыс­тырылу дәрежесінің 5 пайызға өсіп 73 пайызды құрағаны ком­па­нияның әлеуметтік саясатының табысты екенін дәлелдейді.

Компания ұжымы кешенді және ауқымды бизнесті трансформация­лау бағдарламасын табысты іске асыруды жалғастыруда.

Бақытжан Қажиев компанияның дамуы Қазақстанның өркендеуімен және Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекелестікке қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған басымдықтармен үздіксіз байланысты екенін атап өтті.

Ұлттық компания басшысы бес негізгі басымдықтардан тұратын Қазақстанның үшінші жаңғыруын іске асыруға кіріскенін атап кетті. Олар: экономиканы жеделдетілген технологиялық жаңғырту, бизнес ортаны түбегейлі жақсарту мен кеңейту, макроэкономикалық тұрақтылық, адами капиталдың сапасын жақсарту, сондай-ақ, институттық түрлену, қауіпсіздік және жемқорлыққа қарсы күрес.

Бұл басым бағыттарды іске асыру – негізгі стратегиялық мақсат, әлем­нің ең дамыған 30 елінің қата­рына кіру жолында сенімді іргетас қалауды қамтамасыз етеді.

– Еліміздің жаңа технологиялық құрылымын жасау жөніндегі стратегиясында біз өз орнымызды алуы­мыз керек, – деп атап өтті «КЕGОС» АҚ Басқарма төрағасы. – Бұл мақ­сатты іске асыру үшін Компанияда барлық мүмкіндіктер бар: тәжірибелі топ-менеджмент, жоғары білікті қызметкерлер, ірі көлемді инвестициялық жобаларды іске асырудағы үлкен тәжірибе, алдыңғы қатарлы және заманауи технологиялар.

Кездесу барысында Бақытжан Қажиев үстіміздегі жылдың науры­зында қабылданған «Қазақ­­­стан Республикасының Консти­ту­­циясына өзгерістер мен толық­­ты­рулар енгізу туралы» Заң еліміздің негізгі саяси инсти­туттары – Прези­дент, Үкімет және Парламент ара­сын­дағы өкі­лет­тіктерді неғұрлым анығы­рақ бөлуге бағытталғанына қызмет­керлердің назарын аударды.

Конституциялық реформаның және Мемлекет басшысының Жол­дауын іске асырудың тұтас нәтижесі Қазақстан экономикасының жаңа ғаламдық нақтылығындағы орнын анағұрлым күшейтеді, деп атап өтті «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы.

«KEGOC» АҚ Қазақстан Рес­пуб­ликасы Біртұтас электр энерге­ти­калық жүйесінің Жүйелік операторы функцияларын атқарады, Ұлттық электр торабының (ҰЭТ) актив­теріне иелік етеді және басқа­рады. Негізгі қызмет түрлері табиғи монополиялар саласына жатады. Компанияның балансында ҰЭТ-ты құрап тұратын ұзындығы шама­мен 25 000 км болатын 0,4-1150 кВ электр жеткізу желілері мен транс­форматорларының белгіленген қуаты 36,7 ГВА 78 қосалқы электр стансалары бар. Компанияда 4,7 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы 

https://egemen.kz/article/kegoc-tynh-zhanha-belesteri