KEGOC: Жиырма жылдағы табыстар – келешектің кілті

Қазақ

Қазақ елінің жаһанда өзге жұртпен терезесінің тең болмағы қалың бұқараға да, сол халыққа қызмет көрсетуші мекемелер мен компаниялардың бәсекеге қабілетті болуына да байланысты дүние. Әсіресе, жер-жаһан жаңа энергия көздерін іздеп, озық технологияларды өндірістерге енгізіп жатқан тұста біздің компаниялардың олармен үзеңгі қағыстыруға жарап тұруы – қуантарлық іс. Сондай компаниялардың қатарына KEGOC АҚ-ын да қосуға болады. Жақында аталған компания «Электр энергетикасы жүйесінің дамуы – мәселелері мен келешегі» халықаралық конференциясын ұйымдастырды. Сөйтіп, EXPO – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне «жасыл экономиканы» тақырып етіп алған еліміздің бүгінгі һәм болашақтағы энергия мәселесіне мамандардың назарын тағы бір аударды.

14 шілде күні Астанада өткен кон­ференция негізі KEGOC АҚ-тың 20 жылдығына да орайластырылыпты. Алайда басқосу компанияның өткеніне көз жүгірту үшін ғана емес, ХХІ ғасырдың трендіне айналған болашақтың энергиясы мәселесіне де назар аударғанымен есте қалған жайы бар. Рас, KEGOC АҚ өзі құрылған 20 жылдың ішінде еліміздегі электр торабын тұтастай дерлік жаңғыртты. Компанияның Басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев KEGOC АҚ-тың 20 жыл ішінде 3 мың шақырым электр желісін тартқанын атап өтті. Бұл желілердің кернеуі 500-220кВ-ты құрайды. Жоғары кернеулі осынау желілер Қазақстанның бірыңғай электр энерге­тикасы жүйесіне қызмет етіп, әр үйдің төріндегі шам мен теледидарға, зауыттарға, емханалар мен ауруханаларға электр қуатын жеткізіп тұр. Демек, KEGOC компаниясы ел өмірінде шешуші рөлге ие құрылымдардың бірі. Конференцияда осынау табысты компанияның өткені мен бүгіні сараланып, болашаққа қатысты ойлар айтылды.
Қазақстан Үкіметінің, министрліктер мен ведомстволардың, «Самұрық – Қа­зына» ҰӘҚ» АҚ және оның еншілес компа­ния­ларының, салалық электр энергетикалық ұйымдардың және ірі энергетикалық ком­паниялардың өкілдері, еліміздің жетекші университеттерінің ғалымдары қатысқан конференцияда Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бүгінгі таңда энергияға қатысты көзқарастың түбегейлі өзгеріп келе жат­қандығын, электр энергиясын тұтыну көлемі де арта түсетінін, сонымен бірге салаға жаңа технологиялардың да молынан тартыла бастағанын атап өтті. Конферен­цияның пленарлық отырысын ашқан KEGOC АҚ Басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев компанияның осы күнге дейінгі та­быстары аз болмағанын атап өтті. Дегенмен қазіргі заманның беталысы да күн санап құбылып тұрған жайы бар. Бұл жағдай өз кезегінде энергетика саласында да жаңа бағыттардың, жаңа идеялардың туындауына алып келуде. Бүгінгінің энергетиктері бірінші кезекте қалпына келетін энергия көздерін дамытып, электр энергиясын тұтыну мен өндіруге қатысты көзқарастарды түбегейлі өзгерту қажет екендігін жете түсініп отыр. Аса көп энергия тұтынатын салалар елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесін азайту мәселесін көтеретіндер қатары көп. Бұл жерде электр энергиясын тұтынуды мүлдем тыю емес, үнемді пайдалану, заманауи, қуатты аз қолданатын техно­логияларға көшу мәселесі қарастырылып отырғанын ескеру қажет. Қазақстан 2020 жылға қарай елдің жалпы ішкі өнімінде электр энергиясын тұтыну деңгейін – 25 пайызға, 2050 жылға қарай 50 пайызға төмендетуді көздеп отыр. Бұл мөлшер 2008 жылмен салыстыра отырып есептелсе керек. Мұндай деңгейге қол жеткізу үшін электр энегриясының өндірушіден тұтынушыға жеткен кезге дейінгі аралықта ысырап болмауы, тұтынушының қуат үнемдеуге деген көзқарасын өзгеруі де маңызды бола түспек. Өйткені санада өзгеріс болмай, электр энергиясын үнемдеу де қиын.
Одан бөлек электр энергетикасына қатысты қалыптаса бастаған бірқатар түсініктерден де арылмақ керек. Бұл түсініктер қалпына келтірілетін қуат көздеріне байланысты болып тұр. Жел, күн энергиясы бүгінде күн санап арзандап келе жатқанымен, олардың энергожүйелерге кері әсер ететін тұстары да бар. Бақытжан Қажиев өз сөзінде бірқатар дамыған елдерде қалпына келтірілетін қуат көздерінен шығатын энергияның біртұтас энергожүйеде ірі апаттар туғызғанын атап өтті. Мұндай келеңсіздікке жол бермес үшін KEGOC АҚ балама қуат көздерін дәстүрлі энергожүйемен интеграциялау жолдарын жетілдіре түскен. Қазіргі таңда KEGOC ұзақ мерзімді перспективада электр энергетикасының дамуы бірнеше бағыттарын болжап отыр. Атап айтқанда, алдағы уақытта жаңар­тылатын энергияның дамып, электр энергиясын өндіру мен тұтыну энергия тиімділігі артпақ. Одан бөлек электр энергетикасының зияткерленуі де жүзеге асатын болады және электр энергетикалық жүйелерді халықаралық біріктіру де жүзеге асуы мүмкін. KEGOC соңғы он жылда зияткерлік энергожүйенің элементтерін ұлттық электр желіге енгізуді қолға алып жатыр. Атап айтқанда, рельелік қорғаныстың микропроцессорлық құрылғылары, SCADA диспетчерлік басқару жүйесі, АСКУЭ коммерциялық есеп жүйесі және басқа да жаңалықтары отандық электр жүйесіне енгізіліп қойды. Бір сөзбен айтқанда, KEGOC-тың табыстары аз емес.
Айтпақшы, KEGOC «Самұрық – Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына қарасты ком­паниялардың ішінде корпоративтік басқару деңгейі бойынша көш бастап тұр. Сонымен қатар KEGOC әлеуметтік тұрақтылық мәселесіне де айрықша көңіл аударып келеді. Әлеуметтік тұрақтылық индексі бойынша да KEGOC-тың топ бастап тұрған жайы бар. Яғни, компания адам капиталына айрықша назар аударады. Мұны KEGOC АҚ және «Самұрық – Энерго» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі Лука Сутера да өз пікірінде құптап отыр. Ол құнды қағаздар нарығында KEGOC-тың акциялары ұдайы өсіп келе жатқанын айтты. Бұл да компания бас­шылығының жүйелі түрде жүргізілген менеджментінің нәтижесі екені анық.
Жалпы конференцияға қатысу үшін Астанаға 26 шет елдің электр желілік ком­пания өкілдері, соның ішінде Жапониядан TEPCO, NJK, Қытай елінен State Grid Corporation of China, Финляндиядан Fingrid, Түркиядан TEIA, Италиядан TERNA, Германиядан 50Hertz, Польшадан APS Energia компанияларының мамандары келді. Конференция жұмысына Еуропа қайта құру және даму банкі, Халықаралық қайта құру және даму банкі және Азия даму банкі өкілдері қатысты. Ұзын-саны 400-ден астам адам қатысқан конференцияда «Электро­энергетикалық саладағы үздік басқару тәжірибесі мен даму», «Балама энергия көздерін дамытудың маңызды мәселелері» атты дөңгелек үстел өтті.

А.ІЗГІЛІК

https://aikyn.kz/2017/07/18/20608.html