Кәсіби шеберліктерін көрсетті

Қазақ

03.10.2015

Кәсіби шеберліктерін көрсетті

«Егемен Қазақстан». : 03.10.2015

Жуықта «KEGOC» акционерлік қоғамының командасы Беларусь Республикасының Брест қаласында өткен ТМД елдері электр энергетика салалары мамандарының кәсіби шеберлігін сынға салған ХІІ халықаралық жарыста өз шеберліктерін танытып, жарыс қорытындысында екінші орынға ие болды.

Біздің ойымызша, мұндай оқиғалардың еліміз үшін маңызы өте елеулі. Өйткені, кәсіптің аты – кәсіп. Ол спорт емес, өнер байқауы емес. Кәсіп – адамның өмір бойы жейтін азығы. Өз кәсібінің шыңына шыққан майталман адамдар көбейген сайын еліміздің дамуы да қарқындай бермек. Сондықтан, осы кәсіби шеберліктің сала бойынша халықаралық байқауын ұйымдастыру ісінің басы-қасында болған «KEGOC» АҚ ұлттық компаниясының филиалдарымен және ЕБҰ-мен жұмыс жөніндегі басқарушы директоры Мұхтар БЕКЕНОВТІ әңгімеге тарттық.

 

– Мұхтар Оңғарбайұлы, елі­міз­дің электрик маман­дары­ның шеберлігін айқындаған жарыс туралы айта кетсеңіз.

– Бұл жарыс бірінші рет өтіп отырған жоқ. Оны ұйымдастыру ісі 2004 жылдан бері қолға алынып, жылма-жыл өткізіліп келеді. Бұл халықаралық байқауға ТМД елдерінің электр саласындағы біз секілді ұлттық компанияларының өкілдері қатысады. Биылғы жылы ол Беларусь елінің Брест қаласында өтті. Жарысқа қатысушы бригадалар 110 кВт-тық және одан да жоғары электр желілерін жөндеу мен қызмет көрсету жөніндегі шеберліктерін сынға салды. Нәтижесінде жарыс өтіп отырған ел – Беларусь Республикасының электриктер бригадасы бірінші орынды жеңіп алса, біздің жігіттер екінші орынға көтерілді. Жарысқа алты елдің командасы қатысқан болатын. Үшінші орынға Грузияның, төртінші орынға Ресейдің, бесінші орынға Қырғызстанның, алтыншы орынға Өзбекстанның өкілдері ие болды. Қысқасын айтқанда, жарысқа барлық қатысушылар үшін тиісті орындар белгіленді.

– Демек, жарыста шеберлігі ­ең мықты деп Беларусь командасы танылған ғой.

– Иә, солай болып шыққаны рас. Бірақ, біз өзіміздің ие болған екінші орнымызды бұдан кем бағаламаймыз. Мұның бірнеше себептері бар. Өйткені, осымен 12-ші рет өтіп отырған халықаралық байқауда бірінші орын үнемі ол жарыс өткізілген елге беріліп келеді. Өйткені, кез келген команданың өз елінде, былайша айтқанда, өздерінің еңбек орындарында өткен жарысқа тыңғылықты дайындалатыны түсі­нікті. Екіншіден, төрешілер ал­қасы да ондай командаға іштей болсын басымдық беруге ұмтылып отырады. Мұның өзі кешірімді жайт.

Оның үстіне осы жолғы жарыс­қа қатысқан біздің команданың да, оларды бастап апарған менің өзім­нің де мұндай халықаралық шебер­лік байқауы жөнінде тәжіри­беміз болған жоқ. Бәріміз де бірінші рет қатыстық. Бірінші рет қатысқандықтан аздап та болсын «әттеген-айлардың» кездесіп қалатындығы ақиқат қой. Біз өзіміздің мүлт кеткен жерімізді жарыс барысында дереу түзете алдық. Бұған біздің жігіттеріміздің кәсіптік шеберлігі үлкен ықпал етті. Сөйтіп, нәтижесінде екінші орынға ие болып, мерейіміз үстем түсті.

– Жарысқа апарған команданы қалай құрдыңыздар? Әр бөлімше немесе филиалдан таңдап алдыңыздар ма?

– Жоқ, олай емес. Осындай халықаралық байқауға қатысардың алдында «KEGOC» құрамындағы филиалдардың дайындығы сынға салынып, олардың арасынан, яғни 9 команданың арасынан тиісті бригада іріктеліп алынады. Бұл жолғы іріктеуде «Ақмола жүйеаралық электр желісі» филиалының мерейі үстем болып, халықаралық жарысқа оның командасы апарылды. Команда құрамында Берік Адамов, Сергей Терентьев, Александр Лисицкий, Айдар Кодорменов, Николай Киселев, Берік Қалымов секілді азаматтар болды. Халықаралық жарыс барысында бұл жігіттер өздерінің тәжірибесі толысқан білікті маман екендіктерін айқын танытты.

Жалпы, жарыс алты кезеңнен тұрды. Әрбір кезең өзінше күрделі. Біздің команда осы сынақтардың бәрінен сүрінбей өтті. Соның ішінде командалардың тиісті ережелер, нұсқаулықтар және нормаларды білу деңгейлері сынға алынған бірінші кезеңде 200 балдық көрсеткіштің 198-ін жинап, өздерінің білім деңгейлері өте жоғары екендіктерін танытты. Практикалық жұмыстарды жүргізу кезеңдерінде де сыннан сүрінбеді. Әрбір кезеңде кем дегенде 188 балл алып отырдық. Осындай кезеңдер көрсеткіштерін жинақтай келгенде біздің команданың жан-жақты білікті екендіктері анықталды.

– Жігіттерді жарысқа апа­рар­дың алдында белгілі бір жерде дайындықтан өткен болар?

– Әрине, мұндай жарысқа кез келген команда дайындықсыз бармайды. Біздің команда Ақмола облы­сының Макин кентіндегі оқу-жат­тығу полигонында дайындалды. Бұл полигон компаниямыздың бүкіл еліміз бойынша басты оқу ор­та­лығы болып табылады. Компа­ниямызда жылма-жыл 2 мыңға жуық адам білімдерін көтеріп отырады, солардың басым көпшілігі осы оқу орталығында өтеді.

– Осындай халықаралық жарыс­тардың беретін пайдасы қандай ?

– Біз осындай жарыстар арқылы өз кадрларымыздың біліктілігін сынға салып көреміз. Кемшілік тұстарымызды айқындаймыз. Сондай-ақ, басқа елдердің тәжіри­бе­леріне іс-барысында үңілеміз. Олар пайдаланатын құрал-жабдық­тар мен технологиялардың артықшы­лықтары болса оны байқап, өзімізге енгіземіз. Мәселен, осы жолы ресейлік команда пайдаланған биікке көтерілу басқыштарының артықшылықтарын аңғардық. Бұл жағдай «KEGOC» АҚ басшылығына мәлімделіп, енді оны өзімізге енгізу мәселесі талқыланды.

– Енді өзіңіз туралы және атқарып отырған қызметіңіздің мәнісі туралы бір-екі ауыз сөз айта кетсеңіз.

– 1981 жылы Алматы энергетика институтын бітіргеннен кейін еліміздің электр жүйесінде қызмет етіп келемін. 2004 жылдан бері ұлттық компанияда қызмет етемін. Компанияның әр өңірдегі үш филиалында директор қызметін атқардым. Соңғы уақыттарда осы қызметімде жүрмін. Бұл қызметтің мәнісі компанияның әр өңірде орналасқан тоғыз филиалының және еншілес кәсіпорындарының жұмыстарын қадағалап отырамын. Сондай-ақ, «KEGOC» АҚ басқармасындағы екі департаментке басшылық жасаймын.

– Әңгімеңізге рахмет. Қызмет саласындағы халықаралық жарыста жеткен биіктеріңіз құтты, жұмыстарыңыз жемісті болсын.

Әңгімелескен

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, 

http://egemen.kz/2015/10/03/672