Өз ісінің майталмандары жиналды, «Айқын», 21.09.2016ж.

Қазақ

Қазақстанда өтіп жатқан ТМД елдері электр энергиясымен қамтамасыз ету саласы мамандарының халықаралық ХІІІ кәсіби шеберлік сайысына төр иесінен бөлек, Беларусь, Грузия, Ресей және Өзбекстан мемлекеттерінен өз ісінің майталмандары жиналды.

Ауқымды шараға 110 кВ және одан да жоғары қосалқы стансалар құрал-жаб¬дығын күтіп, баптау, қызмет көрсету әрі жөндеу бағыттары бойынша өндірістік бригадалардың кіл мықтылары бас қосты десек болады. Аталған жарыстың ашылу рәсімі дүйсенбі, 19 қыркүйек күні Ақмола облысы Макинск қаласындағы КЕGOC АҚ оқу-жаттығу полигонында өтті. Қазақстан атынан дүбірлі додада тиісті ұлттық оператордың «Ақмола жүйеаралық электр желілері» филиалы бақ сынауда. Ал бақылаушылар ретінде Қырғызстан мен Тәжікстан және Украина тараптарының құзырлы өкілдері қатысуға ниет білдірген. Қолға алынған іс-шараның маңыз¬дылығын атап өткен КЕGOC компания¬сының басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев сайыстың елімізде екінші рет және бір алаңда қайтара абыроймен ұйымдастырылғанын еске салды. 2009 жылы жарыс көрігін қыздырған алғашқы халықаралық тартыста қазақстандық кәсіпқой мамандардың жеңіп шыққаны аян.

«Электр энергетикасы саласы – отандық экономика драйвері. Сондықтан күнделікті қызметінің қыр-сырына қанық кәсіби бригадалардың шұғыл, апаттық жағдайларға жедел әрекет етіп, күз-қыс маусымына лайықты дайындала білуі көп мәселенің түйінін шешетіні анық. Бұл тұста тұтас экономиканың өркендеуінен тыс, әр адамның өмірі назарда ұсталады десек, қателеспеспіз. Өйткені қазіргі қарбалас заманда электр қуатынсыз тіршілік ету өте қиын» деп келтірді Бақытжан Қажиев.

Сонымен қатар ол, қазіргі уақытта әлемнің бірқатар елдері тыңнан электр қуатын тарату желілерін, қосалқы стансаларды салуға ден қойғанына көңіл бөлді. Мұндай күрделі міндеттерді орындап, биік белестерді бағындыру үшін озық үлгілі алдыңғы қатарлы технологиялар, жоғары кәсіби деңгейдің қажет екені даусыз. Ағымдағы сайыста болса, электр энергетикасы өкілдері кәсіби шеберлігін танытып қана қоймай, әріптестерімен тәжірибе алмасуға тамаша мүмкіндік алатыны хақ. Себебі, халықара¬лық ұқсас сайыстарға өз елдеріндегі мық¬ты коман¬далар атсалысатыны белгілі. 

Компания басшысы жалпы KEGOC қызметіне де тоқталып, жыл өткен сайын персонал дәрежесіне қойылатын талаптың күшеюде екенін айтты. Бұл мақсатта Қазақстанның электр энергетикасы жүйесі операторының еңбеккерлері үнемі қайта даярлауда біліктіліктерін ұштауда. 

ТМД Электр энергетикасы кеңесінің төрағасы Евгений Мишуктың сөзіне қарағанда, халықаралық сайыстарға өтпес бұрын, кәсіпқойлар бригадалары республикалық сатыдан сүрінбей өтуі керек. 

«Халықаралық жарыстарға қатысу арқылы бақ сынаушылар кәсіби тұрғыда көкжиегін кеңейтіп, өзге елдердегі әріптестерімен танысып, өздерін толғандырған өндірістік мәселелер бойынша пікірлеседі. Дәл осындай шаралар нәтижесінде, персоналдың өрісі ұзарады. Аға буын тарландары ойға түйіп, жадыға жаттағанын жас толқынға береді. Сондықтан бұл қадамның сыры тереңде жатыр. ТМД кеңістігінде аталған жарыстың жыл сайын тұсауы кесілуі толығымен дұрыс деп санаймын» деді Кеңес жетекшісі.

Сонымен, жарыс қатысушылары, 6 кезең аясында сауатты жұмыс істеу қабілеттерін дәлелдеуі тиіс. Мысалға, іс жүзінде кәдеге жараудағы ережелер мен нұсқаулықтарды білу, құрал-жабдықты жылу өлшемі қырынан бақылау, 110 кВ ажыратқыштарындағы бүтіндеу және реттеу, 220 кВ герметикалық жоғары волтты кірістерін техникалық жөндеу дағдыларының қаншалықты санаға сіңгені салмақталмақ. 

Бұдан басқа, КРУН-10 кВ сыртқы қондырғысының жиынтық тарату құрылғысындағы өртті сөндіру, электр тоғынан зардап шеккен жанға көмек көрсету әдіс-тәсілдері таразыланбақ.

23 қыркүйек күні қорытындыланатын сайыс жеңімпаздарына елеулі сый-сияпаттар тарту етілмек. 

КЕGOC АҚ Қазақстан Республикасы Бірыңғай электр энергетикасы жүйесінің жүйелік операторы қызметін атқарады және де Ұлттық электр желісінің активтерін басқарады. Негізгі қызмет түрлері табиғи монополия саласына жатады. Компания иелігінде 24,9 мың шақырымға жуық қашықтыққа созылған 35-1150 кВ кернеудегі электр желілері мен трансфор¬маторларының қуаты 36,2 МВА 77 электр қосалқы стансасы бар. Компанияда 4,8 мыңнан астам адам еңбек етеді. 

Тәңірберген АРҒЫН

http://aikyn.kz/ru/news/show/28816-_z_s_n_maitalmandary_zhinaldy