«KEGOC» АҚ қызметкерлері Астана марафонына қатысты

Қазақ

2017 жылғы 17 қыркүйекте Астана қаласында жыл сайын ұйымдастырылатын Astana Marathon-2017 өтті.

Биыл марафон спортқа бей-жай қарамайтын көптеген жүйріктердің басын қосты. Марафонға қатысуға 5131 адамнан өтініш түскен, олардың ішінде 537-і 42,2 қашықтыққа, 876-ы 21,1 қашықтыққа, 3718-і 10 қашықтыққа жүгіріп өтті. Марафонға қатысуға тілек білдірген жүйріктер Қазақстанның 22 қаласынан және әлемнің 19 елінен келген. Ең бастысы, жиын барысында түскен қаражат ауыр дертке шалдыққан балаларға көмек ретінде қайырымдылық қорларына аударылады.

Әлеуметтік маңызы зор шарада  «KEGOC» АҚ қызметкерлері де екінші жыл қатарынан спорттық рух-жігер мен асқан төзімділік танытып келеді. Жүгірушілер Абушахманов Ерлан, Баязитова Ақмарал, Балпықова Әсем, Нұртанов Ербол, Шәріпов Азамат, Доқымбаев Азамат, Баймаханбетов Ғани мәре сызығына дейін жүгіріп, межелеген қашықтықты бағындырғаны үшін марафон қатысушысы медальдарымен марапатталды. 

Ерлан Әбушахманов, «KEGOC» АҚ Релілік қорғау және қосалқы станцияларды автоматтандыру департаментінің бас маманы, (21,1 км):

- Астана марафоны 2017 өте жоғары деңгейде өтті. Атмосфера керемет, нағыз мереке. Жол бойында барлығы бір-біріне қолдау білдіріп, көмектесіп, үміттендіріп жатты. Мен алғаш рет 21,1 км қашықтыққа жүгірдім, нәтижесі көңілімнен шықты, күнделікті жаттығулар өз жемісін берді. Жоспарда 42 км шақырым толық марафонды жүгіріп өту бар, компаниядағы әріптестеріммен бірге бағындырамыз деп ойлаймын!   

Ақмарал Баязитова, «KEGOC» АҚ Мемлекеттік құрылымдармен өзара әрекеттестік және коммуникациялар департаментінің бас маманы, (10 км): 

- Астанада жыл сайын өтетін ауқымды марафонға шетелдік жүйріктер де қатысады. Мәселен, биыл Кения елінен келген әлемге танымал жүгірушілер болды. Олардың қатарында Саймон Кипругут Кируй, Генри Кипсанг және Чебой Хильда Джепкогей сынды халықаралық марафондарда тұрақты түрде ұзақ қашықтықтарды бағындырып жүрген жүйріктер бар. Осындай профессионалдық деңгейдегі жүйріктермен қатар жүгіріп өту – біз секілді әуесқой жүгірушілер зор стимул сыйлайды деп ойлаймын.

Азамат Шәріпов, «Энергоинформ» АҚ ERP жүйелеріне қолдау көрсету департаментінің бас маманы, (10 км):

- Марафон 2017 One steppe beyond сынды ауқымды шараға қатысқаным үшін қуаныштымын. Ұйымдастыру деңгейі жыл сайын артып келеді. GGG жекпе-жегін көрсеткен LED-экрандары үшін әкімшілікке арнайы алғыс айтқым келеді.