«KEGOC» АҚ қызметкерлері «Astana Winter Marathon-2018» қатысты

Қазақ

2018 жылғы 23 желтоқсанда Астана қаласындағы Триатлон саябағында «Шексіз мүмкіндік» ұранымен II Astana Winter Marathon – 2018 өтті. Еліміздің бас қаласында екінші мәрте өткен қысқы жүгіру шарасына 1600-ге жуық елорда тұрғыны және Қазақстанның өзге қалаларынан 300-ден астам, сондай-ақ Ресей, Украина елдерінен жүйріктер қатысты. Аталмыш марафонға «KEGOC» АҚ қызметкерлері де белсенді түрде қатысты. 

Ауа температурасының -25-ке дейін төмендеуіне қарамастан спортшылардың басым көпшілігі ұзақ қашықтықтарға жүгіріп өтті. Ереже бойынша марафонға 12-74 жас аралығындағы қатысушылар жіберілді. Жүйріктердің төрт қашықтық бойынша 42, 21, 10 және 5 шақырымға жүгіруі жоспарланған болатын. Алайда ауа райының күрт төмендеуіне байланысты 42 шақырым 21 км-ге қысқартылды. 

Ал маңызды спорттық шараға қатысушылар үшін танымал ультрамарафоншы, Гиннесс рекордтар кітабының жеті мәрте рекордсмені Марат Жыланбаев үлгі болды. Жүйріктерге сәттілік тілеген Марат Жыланбаев бұл марафон бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталғанын атап өтті.  

Ербол Нұртанов, «KEGOC» АҚ Пайдалану департаменті Әуе желілері бөлімінің бас маманы, ұжымдық команданың капитаны:

- «KEGOC» АҚ ұжымдық командасы ауа райының қолайсыздығына қарамастан «ASTANA WINTER MARATHON 2018» қоғамдық шарасында кезекті рет жүгіріп шықты. Осылайша, адамдарға берілген мүмкіндіктердің шексіз екендігін дәлелдедік. Біз әріптестерімізді салауатты өмір салтымен айналысуға шақырамыз, бұл уақыттың өзі тудырған талап. Келесі сөреге дейін біздің қатарымыз бұдан да көбейеді деп үміттенемін. 

Сонымен қатар, біздің командамызға қолдау білдіріп келген әріптестеріміз – Әлішер Нұрымов пен Біржан Өлмесековке алғысымызды білдіреміз. Кезекті жарыстарда жанкүйерлеріміздің саны артатынына сенімдімін.

Арман Мейіржанов, «KEGOC» АҚ Заң департаментінің бас маманы:

- Әуел баста 42.2 шақырымға тіркелген едім, алайда ауа райының күрт төмендеуіне байланысты марафон ұйымдастырушылары бұл қашықтықты 21.1 шақырымға қысқартты. Әлбетте, бұған көңілім түскенін жасырмаймын, бірақ ұзақ қашықтыққа жоспарларған дайындығымды қысқа қашықтыққа жүгірудегі жылдамдығымды арттыруға шешім қабылдадым. Нәтижесі көңілімнен шықты, осы қашықтықтағы жеке рекордымды жаңарттым десем болады. Жеке атымнан қысқы марафонның ұйымдастырушыларына алғысымды білдіремін.