«KEGOC» АҚ қызметкерлері «BI Marathon-2019» марафонына қатысты

Қазақ

2019 жылғы 26 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында жыл сайын ұйымдастырылатын BI Marathon өтті.

Биыл Рамазан айымен тұспа-тұс келген спорттық шараға «KEGOC» АҚ командасы белсенді түрде қатысты. Корпоративтік команданың құрамында «KEGOC» АҚ Атқарушы дирекциясы, «Энергоинформ» АҚ, «ЖЭК жөніндегі ҚЕАО» ЖШС және Ақмола ЖЭТ филиалынан жинақталған 30-ға жуық жүгірушілер бар.  Қызметкерлердің басым көпшілігі оразаларын үзбей, ұзақ қашықтарды оңай жүгіріп келді. Атап айтатын болсақ, Арман Мейіржанов, Жәнібек Жапбасбаев, Ербол Нұртанов, Данияр Бердоңғаров және Амангелді Қапез сынды әріптестеріміз 42.2, 21.1 қашықтықтарды бағындырса, компанияның өзге өкілдері 10 қашықтыққа жүгіріп шықты. 

Марафонға бірнеше мәрте қатысып, кейінгі буын өкілдеріне  спорттық рух-жігер сыйлап жүрген Ержан Өскенбаев, Омар Баталов сынды аға буын өкілдері де қатысты. Қатысушылардың барлығы мәре сызығына дейін жүгіріп, межелеген қашықтықты бағындырғаны үшін марафон қатысушысы медальдарымен марапатталды. 

Арман Мейіржанов, Заң департаментінің бас заң кеңесшісі:

- Осыдан тура бір жыл бұрын BI марафонына алғаш рет қатысқан едім. Сол күні 10 км жүгіріп шықтым. Мәре сызығынан өткен соң, бұл қашықтықтың мен үшін аз екенін түсіндім. Ерікті түрде дайындыққа ден қойып, таңертеңгілік уақыттарда жүгіріп отырдым. Одан бері бір жыл өтті. BI марафонына қайта қатысудың мүмкіндігі туды, бірақ бұл жолы қашықтық – 42,2 км. Бұл марафонның мен үшін жөні бөлек, тұтқан оразамды үзбей жүгірдім. Мәреге жақындаған сәтте ептеген қиындықтар болды, бірақ марафонды толық аяқтадым. Жеке өзім үшін бұл – үлкен жетістік. Осындай спорттық көңіл-күй сыйлаған ұйымдастырушыларға алғыс білдіргім келеді.     

Саятбек Жетпісбаев, Еңбекті қорғау департаментінің Еңбекті қорғау бөлімінің менеджері:

- Бұл менің ораза кезінде жүгірудегі алғашқы тәжірибем. Шыны керек, басында қатысуға жүрексіндім. Кешке дейін шөлге шыдамаспын деген үрей болды. Алайда, BI марафонына белсенді түрде тіркелген әріптестеріммен бірге марафонға қатысуға шешім қабылдадым және еш өкінбеймін. «Көз – қорқақ, қол – батыр» демекші, өзіме тиісті қашықтықты жеңіл жүргіріп өттім. Есесіне, жексенбі күніміз мерекелік және көтеріңкі көңіл-күйде өтті.