KEGOC топ-менеджменті кадрлық резервтегі қызметкерлермен кездесу өткізді/Астана қ. 3 қазан 2014 ж.

Қазақ

03.10.2014

KEGOC топ-менеджменті кадрлық резервтегі қызметкерлермен кездесу өткізді/Астана қ. 3 қазан 2014 ж.

Биылғы қазан айының 2-3 күндері «KEGOC» АҚ басшылығының Компания дамуының өзекті мәселелері мен стратегиясын талқылау мақсатында озық іс-тәжірибеге сәйкес дәстүрлі түрде өткізілетін Компанияның кадрлық резервтегі қызметкерлерімен кездесуі болып өтті.

Үшінші мәрте өткізіліп отырған кездесуде KEGOC топ-менеджменті кадрлық резерв өкілдеріне Компанияның ағымдағы қызметі мен оның даму болашағы жайын баяндады. Басты назар ҚР Үкіметінің ағымдағы жылдың 5 қыркүйегінде мақұлдаған «Самұрық-Қазына» АҚ трансформациялау бағдарламасын жүзеге асыру мәселелеріне аударылды. Аталған жоба – «Самұрық-Қазына» АҚ құрылымына енетін компаниялар тобының қазіргі активтерінің құнын арттыру, портфельді оңтайландыру және корпоративтік басқаруды жетілдіру секілді үш негізгі мақсаттың орындалуын көздейді.

Басқарма төрағасы, Директорлар кеңесінің мүшесі Бақытжан Қажиев кездесу барысында «бизнесті трансформациялауда, жаңа құзыреттер енгізуде кадрлық резервке ерекше сенім жүктелетінін, Компанияның ұзақ мерзімді дамуындағы басым бағыттар адами ресурстарды басқару жүйесін жетілдіру мен қарым-қабілеті мол жас мамандарды анықтау» екендігін атап өтті.

Шараның жұмыс бағдарламасы аясында қатысушылар үшін өнертапқыштық тапсырмаларды шешу теориясы (ӨТШТ) шеберлік-сыныбы бағдарламасымен қоса «Креативтілік: шығармашылық ойлау дағдылары» тақырыбында тренинг, мамандардың дербес қабілеттерін анықтауға қатысты ассессмент орталығы, топтық талқылаулар мен басқа да танымдық шаралар өткізілді.

Осындай жұмыстар екі ай көлемінде Компания бойынша кадрлық резервке тіркелген барлық қызметкерлермен жүргізілетін болады. Кездесу нәтижесінде резервте тұрған қызметкерлер қатарынан Трансформациялау бағдарламасы аясында ТОП-100 кадрлық резерв көшбасшылары тобына енетін үздіктер таңдалады.

Қазіргі кезде «KEGOC» АҚ қызметкерлерінің жалпы санынан (шамамен 4700 қызметкер) болашағынан зор үміт күттіретін 266 жас маман кадрлық резервке еніп отыр.

Компания туралы ақпарат

«KEGOC» АҚ Қазақстанның Біртұтас электр жүйесінің (БЭЖ) Жүйелік операторы функциясын атқарады. Негізгі қызмет түрлері табиғи монополия аясына кіреді. Компания балансында Ұлттық электр торабын (ҰЭТ) құрайтын кернеуі 35-1150 кВ, ұзындығы 24,5 мыңнан аса шақырымды құрайтын электр жеткізу желілері және  трансформаторларының қондырмалы қуаты 36,38 ГВА болатын  77 қосалқы  электр  станциясы бар. Компанияда  4700  астам адам жұмыс істейді. Толық  ақпаратты www.kegoc.kz  сайтынан алуға болады



..