Қостанай облысын энергиямен жабдықтауды қалпына келтіру бойынша ақпарат

Қазақ

Қостанай және Ақмола облыстарында 2020 жылғы 7 сәуірде таңғы сағат 9 шамасында ауа райы жағдайы күрт нашарлады. Секундына 37 м жылдамдықпен соққан боран мен дауылды жел электр топартарында көптеген ажыратулардың орын алуына, соның ішінде «KEGOC» АҚ электр жеткізу желілерінің ажыратылуына әкелді. 

Осылайша, 9 сағат 46 минуттан бастап 18 сағат 59 минутқа дейінгі аралықта кернеуі 500 кВ алты (6) электр жеткізу желілері, соның ішінде Ресей энергия жүйесімен байланыстағы екі (2) мемлекетаралық желілер мен габариті 1150 кВ екі (2) электр жеткізу желілері ажыратылды. Кернеуі 500 кВ ажыратылған бес (5) электр жеткізу желілері Қостанай облысын Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесімен байланыстырып тұрғанын атап кету қажет. Сонымен қатар сол күні кернеуі 220 кВ сегіз (8) электр жеткізу желілері ажыратылды.   

Осы себепті Қостанай облысының, соның ішінде Қостанай, Рудный және Лисаковск қалаларының көптеген тұтынушылары электр қуатымен жабдықталмай қалды.   

Өңірде ауа райы жағдайының қиындауы, сонымен қатар жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын зақымданған әуе желілерінің нақты жай-күйін тіпті жердегі арнайы көлікпен аралап тексеру көмегімен жедел бағалау мүмкіндігін қиындатты.   

 Осыған қарамастан, алдын ала деректер бойынша компанияның жоғары вольттік желілерінде 42 тірек құлап, кейбір жерлерде көптеген сымдардың үзілгені анықталды. Желілердегі нақты жағдайды бағалау жұмыстары жалғасуда.  

«Қазіргі уақытта «KEGOC» АҚ-ның күш салуымен ажыратылған алты 500 кВ электр жеткізу желілерінің екеуінің және ажыратылған сегіз 220кВ желілердің алтауының жұмысы қалпына келтірілді. Сонымен қатар 220 кВ Сокол –Заречная – Центральная – Костанайская ӘЖ транзитінің жұмысы қалпына келтірілді. Сондай-ақ «KEGOC» АҚ желілері арқылы электр энергиясын жеткізу бойынша барлық шектеулер алынып тасталды және Қостанай қаласын электр қуатымен жабдықтауды толығымен қалпына келтіруге команда берілді.     

Авария салдарын жою үшін барлық қажетті күш пен құралдарды жұмылдырдық. Атап айтқанда, 17 авариялық-қалпына келтіру бригадалары, соның ішінде Қостанай, Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстары филиалдарының бригадалары жұмысқа кірісуде.   

Осындай күрделі жағдайда «KEGOC» АҚ табиғат апатынан зардап шеккен өңірді энергия қуатымен жабдықтауды тезірек қалпына келтіру үшін барлық мүмкіндіктерді жасайды», - деп аяқтады сөзін «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев.