Орталық Азия БЭЖ-нде болған апат «Солтүстік-Оңтүстік Қазақстан» транзитінің бөлінуіне әкеп соқтырды

Қазақ

06.01.2011

Орталық Азия БЭЖ-нде болған апат «Солтүстік-Оңтүстік Қазақстан» транзитінің бөлінуіне әкеп соқтырды

2010/2011 жылғы күзгі-қысқы кезең басталысымен Қазақстан Біртұтас энергия жүйесінің (БЭЖ) Орталық Азия Біріккен энергия жүйесімен (БЭЖ) шектес аумағында  мемлекетаралық сальдо ағындарын сақтамау жағдайлары тіркеліп отыр.

Үстіміздегі жылдың 5 қаңтарында жүктеме мейлінше ұлғайған кешкі уақытта Өзбекстан энергия жүйесі тарапынан электр қуатын контрактіден тыс пайдалану (300 МВт) байқалды. Сағат 18:27-де Қырғызстан энергия жүйесінде бірнеше су электр станцияларын (Күрпісай, Ташқұмыр, Шамалдысай және Үш қорған ГЭС) байланыстыратын үш 220 кВ-тық желінің екеуі бірінен соң бірі  ажырады.

Орталық Азия БЭЖ-нде өндірілетін қуат қорының мөлшерден тыс азаюы (800 МВт-қа дейін) Қазақстан БЭЖ-і «Солтүстік-Оңтүстік» транзитінің сағат 18:37-де ажырап қалуына әкеп соқтырды. Сондықтан, бұның алдында бірқатар БАҚ беттерінде таратылған күшті аяз әсерінен транзиттің ажырауы туралы мәлімет шындыққа жатпайды.

Жоғарыда аталған технологиялық апат нәтижесінде Қазақстанның оңтүстік тұтынушыларына 463 МВт, ОА БЭЖ - 1287 МВт (оның ішінде Өзбекстан 925 МВт, Қырғызстан 362 МВт) көлемінде шектеу болды. Бұдан басқа, Қызылорда облысындағы Құмкөл ҚС-нда жиынтық жүктемесі 50 МВт болатын газ-турбиналық қондырғы да ажыратылған болатын.  

Жүйелік оператор қызметкерлерінің жедел іс-қимылы нәтижесінде Қазақстан БЭЖ-нің ажырап қалған Оңтүстік өңірі сағат 20:11-де Солтүстікпен жалғасып, 20:56-да Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарының тұтынушылары желіге қайта қосылды, 22:07-де  Қазақстанның  Біртұтас электр жүйесінің тұтынушыларын электрмен жабдықтау жұмысы толық қалпына келтірілді.

Жаңа 2011 жылдың бастапқы кезеңі Жүйелік оператор - «KEGOC» АҚ-ның Орталық Азия Бірлескен энергия жүйесінің теңгерімсіз жұмысының теріс зардаптары туралы күдігін расқа шығарды. Қазақстан БЭЖ-і тұтынушыларын электрмен жабдықтау сенімділігін қамтамасыз ету мақсатында Жүйелік оператор Қазақстан энергия жүйесінің Орталық Азия БЭЖ-нен теңгерімдік тиесілік шегі бойынша бөліну туралы бұрын әзірленген техникалық іс-шараларды жүзеге асыру шешім қабылдады.