Орталық Азия Үйлестіруші Электр энергетикалық кеңесінің 26-шы отырысы жұмысының қорытындылары жөнінде

Қазақ

2017 жылғы 26 мамырда Алматыда «KEGOC» АҚ-ның төрағалық етуімен аймақтық электр энергетикалық саласындағы маңызды шара – Орталық Азия Үйлестіруші Электр энергетикалық кеңесінің (ОА ҮЭК) 26-шы отырысы өтті.

ОА ҮЭК отырысының жұмысына «KEGOC» АҚ (Қазақстан Республикасы), «Барки Точик» ААХК (Тәжікстан Республикасы),  «Өзбекэнерго» АҚ (Өзбекстан Республикасы) басшылары, сонымен қатар «Энергия» үйлестіру диспетчерлік орталығының директоры қатысты.

2003 жылы құрылған ОА ҮЭК Қазақстан БЭЖ мен Орталық Азияның Біріктірілген электр энергетикалық жүйелерімен келісілген қызметтерін қамтамасыз ету үшін тиімді кеңесу алаңына айналды.

Отырысқа қатысушылар 2016-2017 жылдары күзгі-қысқы маусымдарындағы энергия жүйелері жұмыстарының қорытындыларын және 2017-2018 жылдары күтілетін күзгі-қысқы маусымдарына дайындық шеңберінде жүргізілетін жөндеу кезеңдері мен вегетация кезеңдерін талқылады.

Сонымен қатар, Қазақстан БЭЖ мен Орталық Азияның БЭЖ қатарлас жұмысы шеңберінде мүше-мемлекеттердің электрмен жабдықтау сенімділігін қамтамасыз ету, жұмыс мерзімдерін үйлестіру, әдістемелік базаны жетілдіруге қатысты бірқатар мәселелерді қарастырды. Отырыстың нәтижесінде қызметтері келісілген энергия жүйелердің қатарлас жұмыс режимін қамтамасыз етуге, соның ішінде Орталық-азиялық аймақта отын-энергетикалық және су ресурстарын кешенді пайдалануға бағытталған бірқатар негізгі шешімдер қабылданды.

Бақытжан Қажиев аталмыш отырыстың «KEGOC» АҚ-ның 20 жылдығы қарсаңында өтіп отырғанын атап өтті. Бұл уақыт аралығында компания Қазақстан Республикасының электр энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін нысандарды жаңғырту және жаңа энергия нысандарын салу сынды ауқымды жұмыстарды жүзеге асырды.

Қонақтар үшін жақында салынған нысандардың бірі – 500 кВ «Алма» қосалқы станциясына таныстыру сапары ұйымдастырылды. Бұл жоба «KEGOC» АҚ жүзеге асырған жобалардың ішінде маңызды орынға ие. Еліміздің тәуелсіздік алған алғашқы жылдарында бастан-аяқ жаңадан салынған 500 кВ табындағы тұңғыш қосалқы станция. Оны Қазақстан Ұлттық электр торабына қосу Алматы энергия торабы мен жалпы еліміздің Оңтүстік аймағын тұрақты электрмен жабдықтауға мүмкіндік берді.

KEGOC алдағы жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асып жатқан «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» транзиті жобасының кернеуі 500 кВ болатын жаңа электр жеткізу желілерін «Алма» қосалқы станциясына қосуды жоспарлап отыр, жобаның алғашқы кезеңін KEGOC өткен жылы бір жылдық өндірістік жұмыс кестесінен бұрын аяқтады.

 Анықтама  

Орталық Азияның шекаралас энергия жүйелерінің қарым-қатынасы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан Үкіметтері арасындағы энергия жүйелерінің қатарлас жұмыстары жөніндегі Келісіммен реттеледі, соның аясында қатысушылар мемлекеттер арасында электр жеткізу және транзит, қуатты реттеу сынды екіжақты қызметтер көрсетуді жүзеге асырады. Аталмыш келісімнің Қазақстан үшін артықшылығы еліміздің оңтүстік өңірдегі тұтынушыларын тұрақты электрмен жабдықтаумен қамтамасыз ету болып табылады.

Келісімді басшылыққа ала отырып, қатарлас жұмыстарды үйлестіру және келісілген қызметтерді қамтамасыз ету мақсатында 2003 жылы төрт елдің энергия жүйелері операторлары кеңесетін орган – Орталық Азияның ҮЭК құрды. Бүгінгі таңда Орталық Азияның ҮЭК конструктивті диалог құратын тиімді «алаңға» айналды.

Орталық Азия ҮЭК құрамына Қазақстан Республикасынан «KEGOC» АҚ, «Узбекэнерго» АҚ, «Қырғызстан Ұлттық электр торабы» ААҚ және Тәжікстан Республикасынан «Барки Точик» ААХК кіреді.