«Теңізшевройл» ЖШС объектілеріндегі энергиямен жабдықтау ақауларына «KEGOC» АҚ-ның қатысы жоқ

Қазақ

Үстіміздегі жылдың 3 қаңтарында «Теңізшевройл» ЖШС энергиямен жабдықтау объектілерінде болған аварияның технологиялық сипатына «KEGOC» АҚ-ның қатысы жоқ. Осы орайда мұнай өндіруші компания тарапынан БАҚ-қа таратылған мәліметтер  қисынсыз.  

 2013 жылғы 3 қаңтарда жергілікті уақытпен 9.21-де  Теңізшевройлдың (ТШО) ГТЭС-3 (газ-турбиналық электр станциясында) турбина 57 мВт қуатын жоғалтып, ток көзінен ажырап қалды. ТШО-ға тиесілі 110 кВ-тық екі желідегі жүктеменің артуы салдарынан Теңіз қосалқы станциясында желінің біреуі зақымданып, ТШО  диспетчерінің командасымен ажыратылады. Алайда, ТШО оперативті жұмыскерлерінің жүктеме  режимін сақтамауынан реле қорғанышының іске қосылуы нәтижесінде екінші 110 кВ-тық желі ажыратылды. 

 Осылайша, авария сипаты ТШО-ға тиесілі және сол кәсіпорын қызмет көрсететін объектілердегі  технологиялық бұзылыстарды айғақтайды.

 Осыған орай ТШО өкілдері тарапынан жасалған «KEGOC»  АҚ тораптарындағы іркілістер туралы мәлімдемелер шындыққа жанаспайды деуге болады.

 Қолдағы ақпарат бойынша ТШО желілері 2012 жыл бойы жөндеуден өтпеген, сөйтіп пайдалану әзірлігі төмен болған.     

 Қазіргі уақытта ТШО-ның өтініші бойынша  «KEGOC» АҚ 110 кВ-тық желідегі зақымдануды  жою жөнінде  техникалық көмек көрсетуде.