Әлеуметтік қолдау

Компанияның қызметкерлерді әлеуметтік қолдау жөніндегі қызметі мынадай ішкі құжаттармен реттеледі:

  • Ұжымдық шарт;
  • «KEGOC» АҚ-ның 2018-2028 жылдарға арналған Кадрлық саясаты;
  •  Қызметкерлерге әлеуметтік қолдау көрсету қағидалары;
  •  Қызметкерлердің еңбегін көтермелеу және тану туралы қағидалар.

Жоғарыда аталған саясаттар компанияның барлық қызметкерлеріне, соның ішінде уақытша қабылданған қызметкерлерге және толық емес жұмыс уақытында жұмыс істейтіндерге қолданылады.

Көрсетілген құжаттарға сәйкес «КЕGOC» АҚ қызметкерлеріне әлеуметтік қолдаудың келесі түрлерін көрсету көзделеді:

  1. материалдық көмек;
  2. өтемдік төлемдері;
  3. тұрғын үй мәселелерін шешуге жәрдемдесу.

«КЕGOC» АҚ тиімді жұмыс үшін қолайлы жағдайлар жасау, бейілділікті арттыру мақсатында Компания жұмыскерлеріне жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беру кезінде сауықтыру үшін, мерейтойға, баланың туылуына, жұмыскердің, жұмыскердің отбасы мүшелерінің және «KEGOC» АҚ-да есепте тұрған зейнеткердің қайтыс болуына байланысты, мүгедектік тобына және жасына қарамастан, жұмыскер мен мүгедек балаларды, бала кезінен мүгедектерді медициналық емдеуге ақы төлеу бойынша материалдық көмек көрсетеді. Зейнеткерлік жастағы жұмыскерлерге зейнетке шыққан кезде өтемақы төленеді.

Сонымен қатар «KEGOC» АҚ жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты, табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем сомасын шегергендегі орташа жалақысын сақтай отырып, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған қызметкерлерге, жүктілікке және босануға байланысты демалысын Қазақстан Республикасының Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес төлейді.

Компания келесі жағдайларда жалақының сақталуымен әлеуметтік демалыстар береді: некені тіркеу, баланың туылуы, жақын туыстарын жерлеу, мерейтойға байланысты (жасы 50-ге, 60-қа жетуі); жасы 6-дан 9-ға дейінгі балаларды тәрбиелеп отырған әйелдерге, жалғызбасты әкелер мен қамқоршыларға — оқу жылының басталуының бірінші күні, мектеп бітіруші оқушылардың ата-аналарына — мектеп «соңғы қоңырау» өткізген күні — 1 (бір) күн. Сондай-ақ, жасы 18-ге дейінгі мүгедек балалары бар ата-аналарға профилактикалық егулер жүргізу үшін орташа жалақысының сақталуымен демалыс күндері беріледі.

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес Компания баланың жасы үшке толғанға дейін оның күтімі бойынша жалақысы сақталмайтын демалысты:

  • ата-анасының таңдауы бойынша — баланың анасына немесе әкесіне;
  • бала тәрбиелеп отырған бір ата-анаға; ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы іс жүзінде тәрбиелеп отырған басқа туысына немесе қамқоршысына;
  • жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға алған жұмыскерге береді.

Жұмыскер баланың жасы үшке толғанға дейін бала күтімі бойынша демалысты толығымен немесе бөліп пайдалана алады. Демалыс уақытына жұмыскердің жұмыс орны (лауазымы) сақталады. Баланың жасы үшке толғанға дейін демалыс мерзімі өтпей жұмысқа шыққан жағдайда жұмыскер жұмыс берушіге жұмыс басталғанға дейін бір ай бұрын өзінің ниеті туралы ескертеді. Мысалы, 2023 жылы мұндай демалыс Компанияның 52 жұмыскеріне (2 ер адам және 50 әйелге) берілді. 2023 жылы бала күтімі бойынша демалыстан 33 әйел оралды. Еңбек заңнамасына сәйкес 2023 жылы жасы 1,5-ға дейінгі балалары бар 4 әйелге немесе анасыз балаларды тәрбиелеп отырған әкелерге баланы (балаларды) тамақтандыруға қосымша үзілістер берілген.

2023 жылы Компания үшін сұранысқа ие біліктілігі жоғары кадрларды ұстап қалу және тарту мақсатында қызметкерлерді әлеуметтік қолдауға бағытталған «KEGOC» АҚ Жеңілдікті несиелеу бағдарламасы жүзеге асырылды. Нәтижесінде, 2023 жылы 51 қызметкер тұрғын үй сатып алды. Бұдан басқа, есепті жылы Компания 155,1 млн теңге сомасына тұрғын үйге ақы төлеу бойынша шығыстарды ішінара өтеу жолымен 129 қызметкерге тұрғын үй мәселелерін шешуде жәрдем көрсетті.

Осылайша, 2023 жылы Компания қызметкерлерін әлеуметтік қолдауға бағытталған қаражат көлемі 810,0 млн теңгені құрады.

2023 жылы жалақы, әлеуметтік қолдау, оқыту және т.б. қоса алғанда, Компания жұмыскерлеріне жұмсалған жалпы шығыстар 37,5 млрд теңгені құрады (2019 жылы — 23,2 млрд теңге, 2020 жылы — 25,2 млрд теңге, 2021 жылы — 26,2 млрд теңге, 2022 жылы — 31,8 млрд теңге).

Жедел желі

Кері байланыс