2025 жылы KEGOC магистральдық электр желілерінің тұрақты жұмысқа дайындығын қамтамасыз ету және электр энергиясына деген сұраныстың артуына байланысты инфрақұрылымды бейімдеу мақсатында Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі қосалқы станциялардың трансформаторлық қуатын арттыру бойынша жоспарлы жұмыстарды жүзеге асырды.
Аталған жұмыстар аясында 2025 жылы бірқатар қосалқы станцияларда, соның ішінде 220 кВ «Састөбе» және 220 кВ «Сарыөзек» қосалқы станцияларында жабдықтарды жаңарту толық аяқталды.
220 кВ «Састөбе» қосалқы станциясында қуаты 25 МВА болатын Т-1 және Т-2 күштік трансформаторлары 63 МВА қуаттағы жаңа трансформаторларға ауыстырылды.
Трансформаторлық қуаттың артуы «Шымкент–Жамбыл» транзиті бойынша қосылатын жүктемені перспективалық жобаларды ескере отырып ұлғайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің 35 кВ желілері арқылы қоректенетін тұтынушылардың бір бөлігі желі режимдеріне байланысты 10–15 МВт көлемінде 220 кВ «Састөбе» қосалқы станциясына көшірілді.
Нәтижесінде бұрын номиналдық режимге жақын жұмыс істеген «Қазығұрт» қосалқы станциясы мен ЖЭО-3 автотрансформаторларына түсетін жүктеме ішінара азайтылып, Шымкент қаласы мен оған іргелес аумақтардың электрмен жабдықтау сенімділігі артты.
220 кВ «Сарыөзек» қосалқы станциясында осы бағдарлама шеңберінде автотрансформатор ауыстырылып, оның қуаты 32 МВА-дан 63 МВА-ға дейін арттырылды. Бұл қуат тапшылығын жоюға, ірі жаңа тұтынушыларды қосуға жағдай жасап, желінің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік берді. Қуаттың ұлғаюы нәтижесінде қосымша резерв қалыптасты. Бұл электр желісінің әртүрлі жұмыс жағдайында тұтынушыларды тұрақты әрі сенімді электрмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Іске асырылған шаралар электр желілерінің өткізу қабілетін арттырып, энергиямен жабдықтаудың сенімділігін күшейтті және болашақтағы жүктеменің артуын ескере отырып қосымша қуат қорын қалыптастырды.
Сонымен қатар KEGOC елдің оңтүстік өңірлеріндегі «Жалағаш», «Жаңатас», «Қазығұрт», «Мырғалымсай», «Қызылорда» қосалқы станциялары мен Талдықорған қаласындағы «Жетісу» қосалқы станциясының қуатын одан әрі арттыруға бағытталған инвестициялық жобаларды дайындау және іске асыру жұмыстарын жалғастыруда. Қазіргі таңда бірқатар нысандар бойынша жобалау-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Бұл кезеңде қосалқы станциялардың қуатын арттыруға қатысты техникалық шешімдер мен параметрлер айқындалуда.
Қазақстанның оңтүстік өңірлері индустриялық, агроөнеркәсіптік және туристік орталықтар ретінде қарқынды дамып келеді. Трансформаторлық қуаттарды кезең-кезеңімен арттыру инвестициялық және әлеуметтік жобаларды іске асыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға берік негіз қалайды.