Баспасөз хабарламалары

KEGOC Қазақстанда генерация көлемінің өсуіне орай электр желілерін дайындауда

Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығы ұйымдастырған көмір генерациясын дамытуға арналған дөңгелек үстелде электр энергетикасы саласының даму мәселелері мен жаңа қуат көздерін іске қосуға инфрақұрылымды дайындау мәселелері талқыланды. Жиынға салалық қауымдастықтар мен энергетикалық компаниялардың өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында көмір генерациясы елдің энергожүйесінде әлі де шешуші рөл атқаратыны атап өтілді. Қазіргі таңда ол электр энергиясының жалпы өндірісінің 60% астамын қамтамасыз етіп, саланың өтпелі кезеңінде Бірыңғай электр энергетикалық жүйенің тұрақты жұмыс істеуінің негізі болып отыр.

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің мәліметінше, тұтыну көлемінің артуы мен жабдықтарды жаңарту жағдайында көмір электр станцияларын әрі қарай дамыту және жаңғырту сенімді энергиямен қамтудың маңызды шарты ретінде қарастырылады.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 2030 жылға дейінгі көмір генерациясын дамытуға арналған Ұлттық жоспарды әзірлеу аясында энергия тапшылығын азайту және тозған қуат көздерін жаңғырту бойынша шаралар пысықталып жатқанын айтты.

2026–2032 жылдарға арналған болжамды балансқа сәйкес, жалпы қуаты 3,9 ГВт болатын көмір электр станцияларын іске қосу және жаңарту көзделген. Бұл қолданыстағы ЖЭО мен МАЭС-ті қайта жаңғырту, сондай-ақ жаңа нысандар салу есебінен жүзеге асырылады. Ал ұзақ мерзімді перспективада қосымша 2,3 ГВт көлеміндегі жобалар қарастырылып отыр.

Жаңа генерация қуаттарын қабылдауға электр желілері инфрақұрылымының дайындығы туралы KEGOC басқарма төрағасы Нәби Айтжанов баяндады. Оның айтуынша, компания Ұлттық электр желісін дамытуда электр энергиясын өндіру көлемінің алдағы өсімін ескеріп отыр.

Болжам бойынша, 2027 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан электр қуаты бойынша өзін-өзі толық қамтамасыз ету деңгейіне жетеді, ал 2029 жылға қарай тұрақты профицит қалыптасады. Ал 2035 жылға қарай қуат профициті 6,2 ГВт-қа дейін жетіп, электр энергиясын экспорттауға негіз қалайды.

KEGOC қазірдің өзінде энергожүйедегі желілік шектеулерді жоюға және өткізу қабілетін арттыруға бағытталған бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда, Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағындағы электр желілерін күшейту «Солтүстік – Оңтүстік» транзитінің өткізу қабілетін 2027 жылға қарай 440 МВт-қа арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Солтүстік – Оңтүстік» тұрақты ток желісінің құрылысы өткізу қабілетін тағы 2 000 МВт-қа ұлғайтады.

Аталған жобалардың іске асырылуы жаңа базалық және маневрлік электр станцияларын қосуға жағдай жасап, болашақта электр энергиясын экспорттауға арналған сенімді желілік негіз қалыптастырады.

KEGOC компаниясы жүйелік оператор ретінде, соның ішінде көмір энергетикасы саласындағы жаңа генерация жобаларын сүйемелдеуге және инвесторларға қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.

 

 



Жедел желі

Кері байланыс

Көмекші