Баспасөз хабарламалары

KEGOC 2025 жылдың нәтижелерін қорытындылап, 2026 жылға арналған негізгі міндеттерді белгіледі

«KEGOC» АҚ-да Компания басшылығы мен Жүйеаралық электр тораптары (ЖЭТ) өңірлік филиалдары директорларының қатысуымен қорытынды кеңес өтті. Кеңес барысында 2025 жылғы қызмет нәтижелері қорытындыланып, 2026 жылға арналған негізгі басымдықтар айқындалды.

Жыл қорытындысы бойынша елдің электр энергетикалық жүйесі тұрақты өсім көрсетті. Электр энергиясын тұтыну 3,8%-ға артып, 124,6 млрд кВт/сағ құрады, ал өндіру көлемі 4,4%-ға өсіп, 123,1 млрд кВт/сағатқа жетті. Тұтынудың ең жоғары деңгейі 18 желтоқсанда тіркеліп, 17 724 МВт болды. Бұл көрсеткіш энергетикалық жүйеге түсетін жүктеменің тұрақты түрде өсіп келе жатқанын тағы да растады.

Ең жоғары генерация көлемі – 17 273 МВт, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға жоғары.

Компанияның қаржылық көрсеткіштері де тұрақты өсімді көрсетті: таза пайда рекордтық 70,8 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 19%-ға артты.

«KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Нәби Айтжанов:
«Электр энергиясын тұтынудың артуы және ең жоғары жүктемелердің өсуі бізден жоғары тәртіпті, технологиялық дайындықты және Ұлттық электр торабын жүйелі дамытуды талап етеді. 2025 жылы Компания Қазақстан Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің сенімді жұмысын қамтамасыз етіп қана қоймай, рекордтық қаржылық нәтижелерге қол жеткізді. 2026 жылы біз ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, цифрлық трансформацияға және өндірістік қауіпсіздікті арттыруға басымдық береміз», – деп атап өтті.

2025 жылы жасанды интеллект жобаларын енгізу жөніндегі Жол картасы бекітілді. Процестерді цифрландыру деңгейі 52%-ға жетті, ал 2032 жылға дейін автоматтандыру деңгейін 90%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Компанияның әлеуметтік тұрақтылық рейтингі 88%-ды құрап, «Самұрық-Қазына» қорының портфельдік компаниялары арасында үздік үштікке енді. ESG рейтингі жыл ішінде 7 баллға өсіп, 62 баллды құрады.

Экологиялық бастамалар аясында 4 780 ағаш отырғызылды, қалдықтарды бөлек жинау жүйелері енгізілді, сондай-ақ Компания филиалдары «Smart Plastic Zone» жобасында жоғары бағаларға ие болды.

2026 жылға арналған негізгі міндеттер:

  • өндірістік қауіпсіздікті күшейту;
  • 2026–2031 жылдарға арналған тарифтер мен инвестициялық бағдарламаны бекіту;
  • жасанды интеллект жобаларын енгізу;
  • Оңтүстік энергия аймағын күшейту және Батыс аймақты Қазақстан БЭЖ-імен біріктіру жобаларын іске асыру;
  • жөндеу науқанын уақтылы өткізу және 2026–2027 жылдардың күзгі-қысқы кезеңіне дайындық паспортын алу;
  • қаржылық жоспардың орындалуын қамтамасыз ету және шығындардың тиімділігін арттыру.

Кеңес қорытындысында өндірістік және қаржылық көрсеткіштердің тұрақты өсуі Компания стратегиясының жүйелі жүзеге асырылып жатқанын және ұжымның жоғары кәсіби деңгейін растайтыны атап өтілді.

KEGOC Ұлттық электр торабы озық қарқынмен дамытуды жалғастырып, сұраныстың артуы мен саланың технологиялық трансформациясы жағдайында елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жаңа қуат көздерін енгізуге және Қазақстан Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын сақтауға бағытталған жұмыстарды жалғастырады.



Жедел желі

Кері байланыс

Көмекші