«KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Нәби Айтжанов Қытайға жұмыс сапары аясында TBEA Co., Ltd. директорлар кеңесінің төрағасы Чжан Синь мырзамен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат Қазақстан электр желілік инфрақұрылымын дамытуға, заманауи технологиялық шешімдерді енгізуге және электр энергетикасы саласындағы кәсіби өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған.
Бұл құжат KEGOC пен TBEA арасындағы технологиялық ынтымақтастық, салалық тәжірибе алмасу және электр желілерін дамыту саласындағы перспективалы бағыттарды зерделеу мәселелері бойынша бұған дейін жүргізілген келіссөздердің нәтижесі болды.
«KEGOC үшін Қазақстан Ұлттық электр торабын дамыту озық технологияларды енгізумен, инженерлік әлеуетті күшейтумен және үздік халықаралық тәжірибелерді зерделеумен тікелей байланысты. Қол қойылған меморандум ұлттық электр желілік кешеннің сенімділігі, тұрақтылығы және технологиялық дамуы үшін стратегиялық маңызы бар бағыттар бойынша практикалық ынтымақтастықтың негізін қалайды», – деп атап өтті KEGOC басшысы Нәби Айтжанов.
Меморандум электр желілік кешенді дамыту үшін практикалық маңызы бар бағыттар бойынша өзара іс-қимылды көздейді. Олардың қатарында энергожүйенің сенімділігін арттыру, электр желілерін дамыту жоспарлау, EHV және HVDC технологияларын зерделеу, цифрлық қосалқы станцияларды және Smart Grid шешімдерін дамыту, сондай-ақ персоналды оқыту және тағылымдамадан өткізу, заманауи технологиялар саласында тәжірибе алмасу бар.
Сапар барысында KEGOC делегациясы TBEA өндірістік алаңдарын аралап, жоғары кернеулі жабдықтар, зияткерлік кабельдік жүйелер, цифрлық өндіріс және аса жоғары кернеулі техника саласындағы шешімдермен танысты. Қатысушылар Қазақстан Ұлттық электр торабын одан әрі дамыту және жаңғырту үшін пайдалы болуы мүмкін практикалық тәсілдерді талқылады.
Анықтама үшін: TBEA Co., Ltd. – трансформаторлық және реакторлық жабдықтарды өндіру, сондай-ақ электр энергетикасы мен өнеркәсіптік инфрақұрылымға арналған шешімдерді әзірлеу саласында жұмыс істейтін ірі өнеркәсіптік топ. TBEA жабдықтары KEGOC нысандарында 2008 жылдан бері пайдаланылып келеді.